Нұртөре Жүсіп: Бейәдеп көрсеткен әртістерді сахнадан аластау керек!
Мемлекеттік рәміздерді қорлап, былапыт сөздер айтып, бейәдеп көрсеткен әртістерді сахнадан аластату керек! Тіпті олар бес жылға дейін халық алдында өнер көрсетпеуге тиіс дейді сенатор Нұртөре Жүсіп. Депутаттың пікірінше, мәдениет туралы заңды күшейтетін уақыт жетті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
02.06.2022
Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:
- «Мәдениет туралы» заңға концерт, тағы да басқа мәденикөпшілік іс-шаралар ұйымдастырушылар мен жекелеген өнер өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін қарастыратын баптарды енгізуді, әдепсіздік көрсеткен және былапыт сөз айтқан, есірткіге елігіп, ішімдік ішкен әншілерді, өнерпаздарды бес жылға дейін сахнадан аластатуды талап етеміз.
Алматыда өткен «Ирина Қайратовна» тобының концертіндегі Шиза лақап атымен танымал Асхат Жолшиевтің ерсі қылығы бүгін Сенатта да сөз болды. Жас әнші сахнаға мас күйінде шығып, бейәдеп сөз айтқаны аздай, мемлекеттік туды қорлаған. Қазақстандықтардың сынына іліккен жастар кейін кешірім сұрап, сахнаға ішімдік ішіп шыққанын мойындады.
Бірақ құр кешірім сұрау жауапкершіліктен құтылу деген сөз емес. Олар Қылмыстық кодекстегі бірнеше жазаның біреуін арқалауы керек еді дейді депутаттар. Ал заңда туды қорлағандарға айыппұл төлеу, қоғамдық жұмысқа тарту, тіпті бас бостандығынан айыру жазалары қаралған.
Күні кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мемлекеттік туды пайдалану ережелерін қайта қарау керек деген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікір айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені көк туымыз — қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!