Грузияда қайтыс болған Әселдің азапталған суреттері жария болды
Грузияда қайтыс болған Әсел Айтбаеваға қатысты ата-анасы жаңа дәйек келтірді. Қызының өлер алдында азапталған суреттерін Тбилисидегі құқық қорғаушылар оқиға болған күні түсірген екен.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
03.06.2022
Бірақ ата-анасының қолына тек бір жылдан кейін тиіпті. Әселдің денесіндегі күйік іздерін көрген анасы айтарға сөз таппай отыр.
Айсұлу Айтбаева, марқұм Ә. Айтбаеваның анасы:
- Басында бірде-бір қанның ізі жоқ. Ал денесіндегі қызыл жаралар күйіктің ізі. Қызымды күйдірген. Қалайша? Қазақстан тарапының маған құлақ аспайтынына таңғаламын. Неге олар сараптама дайындауға асықпайды? Көмектескісі келмейді. Олар өзін-өзі өлтіру дейді. Қараңыздар, суреттен анық көрініп тұр. Біреу өлтіріп, осы жерге лақтырып кеткен сияқты. Менің нұсқам осындай. Қызым ешқайдан да құлаған жоқ.
Суретпен мұқият танысып шыққан Әселдің ата-анасы қызының арқасы, қолы мен аяғындағы кесілген іздерді байқаған. Әсіресе оң жағында көп. Грузияның сот-медициналық сарапшылары марқұмның денесіндегі жаралар күлбіреп кеткен деп анықтама беріпті. Мұндай белгі тек күйіктен кейін пайда болады дейді Айсұлу Айтбаева. Оның болжамынша, бойжеткен көпқабатты үйдің балконынан құламас бұрын өлуі мүмкін. Сондықтан қыздың әке-шешесі Қазақстан мен Грузия тергеушілерінің «өлді» деген нұсқасымен келіспейді.
Отандасымыздың қазасына құқық қорғау органдары Грузия азаматы Бесик Тордуаны кінәлады. Оған қызды зорлады деген де айып тағылды. Алайда күдікті ұсталғаннан кейін екі айдан соң инфарктен түрмеде қайтыс болды. Қазір Әсел Айтбаеваның өліміне қатысы бар деген күдікпен жездесі Мұрат Мейірбеков қамауда отыр. Оған «адам саудасы» және «зорлау» бабы бойынша іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу-тексерудің жүріп жатқанына бір жылдан асты. Бүгін алдын ала сот тыңдалымының 7-маусымда өтетіні белгілі болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!