Алакөлге апаратын тас жолдың жыры әлі толық бітпеген
Қымбатшылық отандық туризмді де айналып өтпеді. Алакөлдегі демалыс орындарындағы баға биыл құбылып тұр. Мұндағы жайлы қонақүйде жату, шетелдегі демалыстан қымбат болмаса арзан емес. Соған қарамастан, шипалы көлге ағылатын туристердің саны былтыр еселеп артқан.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
03.06.2022
Биыл да келушілер көп болады деп күтілуде. Сондықтан бірінші кезекте қатынас қолға алынып жатыр. Алакөлге бұдан былай Тальго пойызы да жүреді. Ал тас жолдың жыры әлі толық бітпеген. Жөндеуді мердігер жыл соңында ғана аяқтаймыз деп отыр. Алакөлдің биылғы шомылу маусымына дайындығын тілшіміз көріп қайтты.
- Мен қазір тоғыз жолдың торабы Алматы - Өскемен тас жолының бойында тұрмын. Екі аптадан кейін шомылу маусымы басталып, дәл осы республикалық маңызы бар трасса арқылы Алакөлге ағылатын көліктің нөпірі көбейеді. Демалыс аймағына апаратын жолдың жайын білу үшін өзімізде жүріп көрейік.
Алматы мен Алакөлдің арасы 630 шақырым. Осы аралықтың 40 шақырымы әлі күнге дейін жасалмаған. Шұрық-тесік жолдан жүрісі өнбейтін жүргізушілер діттеген жеріне діңкесі құрып жетеді.
Оралбек Құрманғалиев:
- Міне барып келе жатырмын. Мынау деген масқара. Шаршап келеміз. 11.20 Қиыны қиын. Енді не істейміз. Жүреміз осылай. Мынандай жол Қазақстанда ғана бар шығар.
Ширек ғасырдан бері жыр болған күре жолды жөндеу жұмыстары төрт жыл бұрын басталған еді. Оған 122 миллиард бөлінген. Алайда пандемияны сылтауратқан мердігер компания жолдың 80 пайызына ғана асфальт төсепті. Қалған бөлігін жыл соңына дейін аяқтаймыз деп сендірді.
Жаман жолға қарамастан6 былтыр шипалы көлдің суына түсіп тыныққан турист саны миллионнан асып жығылған. Биыл бұл көрсеткіш еселеп артуы мүмкін.
Қазір Алакөл жағалауында өлі тыныштық. Адам жоқ. Мұнда тулаған толқындардың дыбысы ғана естіледі. Бірер күнде коммуналшылар жағалауды тазалап, қалыпқа келтіру жұмысына кіріседі. Ескерту мен тыйым салу белгілері бар тақтайшалар қойылып, көлдің айналасы абаттандырылмақ.
Ал демалыс орындарының иелері пансионаттарды ретке келтіріп соңғы дайындықтарын пысықтауда. Қымбатшылық отандық туризмді де айналып өтпепті. Алакөлде бұрыңғыдай баға жоқ дейді кәсіпкерлер.
Арнұр Молдаханов, демалыс орнының директоры:
- Азық-түлік жағынан кішкене әсер етіп жатыр. Біз де бағаға 5 пайыз қостық. Үлкен пансионаттар қазір тамақтың барлығын алып тастаған. Жататын соммадан, тамақ бөлек болып жатыр. Тіпті таңғы асты да алып тастап жатыр.
«Көрпеңе қарай көсіл». Қызмет көрсету сапасы мен бағасына қарай демалыс үйлерінің сан түрі бар. Туристер жағажайда қоқыс жәшіктері мен дәретхананың аздығынан көл ластанып жатыр деп, талай мәрте дабыл қаққан болатын. Жергілікті әкімдік бұл мәселе биыл шешілетінін жеткізді.
Дәулет Жуандықов, Алакөл ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Алакөл жағалауында 11 дәретхана орнатылған. Маусым айларында коммуналдық шаруашылық қызметкерлері жұмыс істейді. Қоқыс жәшіктерін қояды. Тазалап, шығарып тұрады. Биыл қосымша тағы 11 дәретхана қоямыз деген жоспар бар. Ал биотуалет қою бұл жерге қолайсыз. Жел қатты соғады бұл жерде.
Маусым айының бел ортасынан бастап демалушылар Ақши мен Көктұмаға тальго пойызы арқылы да қатынай алады. Өзге жүрдек пойыздар да бұрыңғы кестемен жолаушылар тасымалдай бермек. Ал Үшарал әуежайының ұшып-қону жолағы қазір жаңартылып жатыр. Күрделі жөндеу тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Одан кейін заманауи әуежай кез келген ірі ұшақтарды қабыдап, жаңа рейстер ашылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!