Сенат спикері сайлау учаскесіне бірінші рет дауыс беретін қызын ертіп келді
Елорда тұрғындары дауыс беру үшін таңнан кезекте тұр. Сол жағалауда орналасқан сайлау учаскілерінде адам аяғы үзілген жоқ. Есік алдында өз кезегін күткен қарапайым азаматтардың ішінде саяси тұлғалар да жетерлік.
Автор: Әзиза Төленби
05.06.2022
Соның бірі – премьер-министр Әлихан Смайылов. Ол бүгін тіпті ерте тұрған. Қалың бұқарамен таласа таңғы сағат жетіде өзі тіркелген сайлау бөлімшесіне келді. Учаскесі ашылысымен бірінші болып дауыс берді. Ал Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жұбайы мен бірінші рет дауыс беретін қызын ертіп келіпті.
Мәулен Әшімбаев, Сенат спикері:
- Біздің қызымыз 18-ге толып жатыр. Алғаш рет дауыс беруге келді. Қызымыз еліміздің азаматы ретінде, өзінің дауысын референдумға қатысып беріп жатыр. Қалай дауыс бергенін білмейміз, оны талқылаған жоқпыз. Өйткені мұны әр азамат өзі шешу керек.
Сенат төрағасы премьер-министр сияқты асыққан жоқ. Тілшілермен тілдесіп қарапайым адамдардың сұрақтарына да жауап беріп жатыр.
Ал Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин алдымен жұмысына кіріп, дауыс беруге содан кейін шығыпты. Бүгін балалары да келгісі келген екен. Бірақ әлі кәмелетке толмапты. Әйтпесе саяси өзгеріске қызығушылығы зор дейді Мемлекеттік хатшы.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Тіптен менде мектепте оқып жүрген балаларымның өзі менен: «Референдум не үшін өтіп жатыр?» деп сұрады. Мен балаларыма бұл еліміздің маңызды кезеңнің алдында еліміздің саяси мемлекеттік құрылымын анықтау үшін, еліміздің Конституциясына адам құқықтарын қорғау үшін деп түсіндірдім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!