{metadescription}
Есілдің сол жағалауындағы саяси тұлғалардың таңдауы
Есілдің сол жағалауындағы саяси тұлғалардың таңдауы

Есілдің сол жағалауындағы саяси тұлғалардың таңдауы

Есілдің сол жағалауындағы сайлау учаскелерінде тыным жоқ. Таңдау жасаймыз деп таңнан тік тұрған елордалықтардың арасында премьер-министр мен парламент спикерлері бастаған шенеунік көп. Саяси тұлғалардың таңдаулары туралы тілшіміз Әзиза Төленби толығырақ айтсын.

Ұлттық ғылыми кітапханадағы сайлау учаскесіне саяси маңызды тұлғалар көп тіркелген. Өйткені шенеунік пен депутаттар елорданың сол жағалауында тұрады, жұмыс істейді. Сондықтан болар мұнда тексеріс көп. Бақылаушыдан бөлек, күзет пен қадағалаушылар толып жүр. Таңғы жетіде есігін айқара ашқан учаскеге премьер-министр Әлихан Смайылов таңмен таласа кірді. Асығыс болды ма, өз таңдауын жасап, ешкіммен тілдеспестен кете барды. Үкімет басшысы кетісімен, саяси элита бірінен кейін бірі келіп жатыр. Сенат спикері бүгін бірінші рет дауыс беретін қызын да ертіп әкелген.

Мәулен Әшімбаев, Сенат спикері:

- Біздің қызымыз 18-ге толып жатыр. Алғаш рет дауыс беруге келді. Қызымыз еліміздің азаматы ретінде, өзінің дауысын референдумға қатысып беріп жатыр. Қалай дауыс бергенін білмейміз, оны талқылаған жоқпыз. Өйткені мұны әр азамат өзі шешу керек.

Ерлан Қарин 1995 жылғы алғашқы референдумға тұрғындарды үй жағалап жүріп шақырған екен. Әрине ол кезде қазіргі Мемлекеттік хатшы студент болған. Ал қазір саяси белсенділік - тікелей міндеті.  

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Жексенбілік күндері қалаға шығамын балаларыммен. Киноға барамыз, тағы басқа жерлерге қыдырамыз. Саябақта көшеде қыдырып жүрген кезде осы күндері көп адамдар маған келіп, амандасып, осы референдум бойынша сұрайтын. Содан мен байқадым бұл оқиға үлкен қызығушылық тудыртып отырғанын.

111-нші сайлау учаскісінен қарға адым жерде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов өз таңдауын жасады. Ал қалған Парламент мүшелерінің көбі 66-шы бөлімшеде дауыс беріп жүр. Депутаттар бас сұғатын жерде ығы-жығы жанталас жоқ. Мұнда бәрі еркін.  

Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:

- Біз үшін мемлекеттің әділ болғаны, биліктің әділ болғаны, халықтың әлауқатының жоғары болуы бұл барлық қазақстандықтың үміті. Кеше біз елді аралап келген уақытта барлығы осы әңгімені айтып отыр. Бәрі де осыдан үміт етіп отыр, өзгеруді  қалап отыр.

Жалпы елордалықтар 348 сайлау бөлімшесінде өз таңдауын жасай алады. Олар кешкі 20:00-ге дейін ашық. Саяси өзгерістің бел ортасында жүріп, үйреніп қалған астаналықтардың қарқыны қатты. Жиі-жиі учаскілерде ұзын-сонар кезек болып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде