Еділ Жаңбыршин: Бәрі де үміт етіп отыр, өзгеруді қалап отыр
Есілдің сол жағалауындағы сайлау учаскелерінде тыным жоқ. Таңдау жасаймыз деп таңнан тік тұрған елордалықтардың арасында премьер-министр мен парламент спикерлері бастаған шенеунік көп.
Автор: Әзиза Төленби
05.06.2022
Саяси тұлғалардың таңдаулары туралы тілшіміз Әзиза Төленби толығырақ айтсын.
Ұлттық академиялық кітапханадағы сайлау учаскесіне саяси маңызды тұлғалар көп тіркелген. Өйткені шенеунік пен депутаттар елорданың сол жағалауында тұрады, жұмыс істейді. Сондықтан болар, мұнда тексеріс көп. Бақылаушыдан бөлек, күзет пен қадағалаушылар толып жүр. Таңғы жетіде есігін айқара ашқан учаскеге премьер-министр Әлихан Смайылов таңмен таласа кірді. Асығыс болды ма, өз таңдауын жасап, ешкіммен тілдеспестен кете барды. Үкімет басшысы кетісімен, саяси элита бірінен кейін бірі келіп жатыр. Сенат спикері бүгін бірінші рет дауыс беретін қызын да ертіп әкелген.
Мәулен Әшімбаев, Сенат спикері:
- Біздің қызымыз 18-ге толып жатыр. Алғаш рет дауыс беруге келді. Қызымыз еліміздің азаматы ретінде референдумға қатысып, дауыс беріп жатыр. Қалай дауыс бергенін білмейміз, оны талқылаған жоқпыз. Өйткені мұны әр азамат өзі шешу керек.
Ерлан Қарин 1995 жылғы алғашқы референдумға тұрғындарды үй жағалап жүріп шақырған екен. Әрине, ол кезде қазіргі Мемлекеттік хатшы студент болған. Ал қазір саяси белсенділік тікелей міндеті.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Жексенбі күндері балаларыммен қалаға шығамын. Киноға барамыз, тағы басқа жерлерге қыдырамыз. Саябақта көшеде қыдырып жүрген кезде осы күндері көп адамдар маған келіп, амандасып, осы референдум бойынша сұрайтын. Содан мен байқадым бұл оқиға үлкен қызығушылық тудыртып отырғанын.
№111 сайлау учаскісінен қарға адым жерде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов өз таңдауын жасады. Ал қалған Парламент мүшелерінің көбі 66-шы бөлімшеде дауыс беріп жүр. Депутаттар бас сұғатын жерде ығы-жығы жанталас жоқ.
Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:
- Біз үшін мемлекеттің әділ болғаны, биліктің әділ болғаны, халықтың әлауқатының жоғары болуы, бұл барлық қазақстандықтың үміті. Кеше біз елді аралап келген уақытта барлығы осы әңгімені айтып отыр. Бәрі де осыдан үміт етіп отыр, өзгеруді қалап отыр.
Ал қазір еңбек демалысында жүрген экс-шенеуніктер Әділбек Жақсыбеков пен Бердібек Сапарбаев президент дауыс берген учаскеде тіркелген екен.
Бердібек Сапарбаев:
- Қазақстанның азаматы есебінде бүгін келіп дауыс бердім. Қазір енді Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды қолдаймыз. Себебі: ол біздің болашағымыз. Ең бірінші – біздің мемлекетіміздің, екінші – халқымыздың, одан кейін ұрпағымыздың. Сондықтан мен ойлаймын, әрбір қазақтың азаматы өзінің ұрпағы үшін, өзінің мемлекеті үшін дауыс беру керек.
Елордалықтар №348 сайлау бөлімшесінде өз таңдауын жасады. Санаулы минуттан кейін олардың барлығы жабылады. Саяси өзгерістің бел ортасында жүріп үйреніп қалған астаналықтардың белсенділігі өте жоғары болғанын айта кетейік. Орталық сайлау комиссиясы келтірген деректер де осыны көрсетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!