Референдум: Буратайлықтар халықтың өмірі жақсара түседі деген сенімде
Референдумға шалғайдағы ауыл тұрғындары да жаппай қатысып жатыр. Ақмола облысындағы Баратай ауылының халқы белсенді. 400-ге жуық сайлаушысы бар ауыл жұрты саяси науқаннан қалыс қалмау үшін жайлауда жылқы бағып, бие сауатын жерлестеріне бюллетень жеткізуге атсалысты.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
05.06.2022
Толқын Сәдуақасова, Сарыөзек селолық округі №527 сайлау учаскесінің төрайымы:
- Таңғы 7-ден бастап ауыл тұрғындары келіп дауыс беруде. Көңіл күйлері барлығы жақсы. Ауыл тұрғындарының болашаққа деген сенімі мол, көптеген өзгеріс болады деп сенім артуда.
Ауыл тұрғындары малын өріске айдап салып, таң атпай сайлау учаскесіне асыққан. Бірақ жайлауда бие байлап, сауын сауып отырғандар дауыс беруге келе алмайды. Сондықтан атын ерттеп, бюллетень мен жәшікті алып, алыстағы қос басына баруды жөн көрген. «Референдумда әрбір ауыл азаматы өз құқығын түсініп, таңдау жасауға міндетті»,- дейді сайлау комиссиясындағылар. Өйткені ауыл тағдырына алаңдайтын олар Ата заңға жаңа өзгерістер енсе, жергілікті халықтың өмірі жақсара түседі деген сенімде. Ат терлетіп, саяси науқанға бел шеше кіріскен халық «біріміз де қалыс қалмайық» деп шешіпті. Қос басында бие сауып қымыз сапырған қазақтың келіншектері мен жылқы айдаған, тепсе темір үзетін азаматтары ауылдастарының бұл әрекетіне қуанып қалды.
Гүлмира Ескендір, Баратай ауылының тұрғыны:
- Мінекей, кең жайлауда жылқы бағып,бие сауып отырмыз. Референдум болып жатыр. Біз енді жылқыны тастап кете алмаймыз. Сондықтан урна әкеліп,дауыс беруге мүмкіндік беріп жатыр.Бәрі тек халық үшін. Бәрі жақсы болады деген үмітіміз зор.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!