Exit-poll: "Демократия институты" сауалнама алып үлгерді ме?
Таңертеннен бері сайлау учаскелерінде "Демократия институтының" сарапшылары жұмыс істеп жатыр. Негізгі мақсат – референдумға қатысушылармен сауалнама жүргізу. Анкетаны толтыратындарға референдумды қолдайтындары жөнінде анонимді "иә" не "жоқ" деп жауап береді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
05.06.2022
Түркістанда аптап ыстықтың өзіне қарамай, әлеуметтік сауалнамаға тұрғындар белсенді қатысып жатыр. Ол жақта КТК арнасының түсірілім тобы жүр. Учаскелерде дауыс беру қалай өтіп жатыр? "Демократия институты" көп адамнан сауалнама алып үлгерді ме?
Әлеуметтік-зерттеу қауымдастығы жалпы қанша адамға сұрақ қойғанын жариялай алмайды.
Бірақ әр учаскеде орташа есеппен 40 адамға сауалнама жүргізгені нақты. Анкетада қатысушының жынысы мен жасы ғана көрсетіледі. Жарты сағаттан кейін олар жұмысын тоқтатып, өз есебін жүргізуге кіріседі.
"Демократия институты" әлеуметтік-зерттеу қауымдастығы ел бойынша 735 учаскені аралады. Қойылған сұрақ біреу: Ата заңға енгізілетін өзгерістерді қолдайсыз ба?
Жиналған сауалнама қорытындысын орталық кеңсеге жіберіп есептейді. Түркістандағы шақырайған күннің ыстығына дауыс беруші тұрғындар белсенді екенін атап өтті.
Айдана Әпсеметова, "Демократия институты" ғылыми-зерттеу қауымдастығының сұхбатшысы:
- Осы жерде таңғы жетіден бастап тұрмын. Бұл жерде шыққан сайлаушылардан сауалнама жүргізіп, олардың жауаптарын тіркеп отырамыз. Және де кемінде осы жерде 40 адамнан сауалнама аламыз. Егер сауалнамашылар бас тартса ,оларды мәжбүрлеу жоқ. Жауап бермегенін тіркеп, келесі адамнан сұрай береміз. Жауап берушілердің белсенділігі жоғары, барлығы қарсы емес, барлығы жауап беріп жатыр. Олардың жауаптарының барлығы бізде анонимді жүргізіледі.
"Демократия институты" ғылыми-зерттеу қауымдастығы 1995 жылы құрылған. Компания қоғам дамуының өзекті мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізуге маманданған. Бұған дейін президент, депутат сайлауында да өз зерттеуін жасаған. Сауалнама қорытындысы негізінен ресми дауыс беру нәтижесімен сәйкес кеп жатады. Экзитполдың қорытындысын түнгі сағат 12-де жариялайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!