Тоқаев қаңтар оқиғасындағы 20 мың лаңкестің қайдан пайда болғанын айтты
Референдумның оң нәтижесі шыққан жағдайда біраз жұмыс атқару қажет. Бүгін елордадағы сайлау учаскелерінің бірінде таңдауын жасаған Президент осылай деді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
05.06.2022
Атап айтқанда, партия мен парламентке қатысты түзетулер бар. Мемлекет басшысы Ата заңдағы енгізілетін өзгерістерді Парламент абыроймен атқара алады деп сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына да тоқталды.
Елордадағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы бір күнге еліміздегі ең маңызды нысанға айналды. Таңертең мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық парызын орындау үшін дауыс беруге келді. Вип тұлғаны күтіп сабылғандар аса байқалмады. Президент былтырғы Парламент сайлауында да дәл осы жерде таңдауын жасаған.
Ғимарат үш сағаттай күзетшілердің қатаң бақылауында болды. Келіп-кеткен барлық сайлаушы жіті тексерістен өтті. Президент келе сала, референдум учаскесіне тіркеліп, бюллетеньді алып, таңдауын жасап, қағазын арнайы жәшікке салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Шын мәнінде, біздің еліміздің тарихындағы тұңғыш рет дауыс беру рәсімі болып жатыр. Еліміздің тарихындағы өте маңызды күн. Халқымыз бүгін өте дұрыс шешім қабылдамақ. Сондықтан бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бәрі де дұрыс болады деп ойлаймын.
Президент Қаңтар оқиғасындағы 20 мың лаңкестің қайдан пайда болғанын да айтты. Бұл мәліметті құқық қорғау органдарындағы сол кездегі басшылары беріпті. «Кінәлілер жазаланады.Ал елде қаралы қаңтардың қайталанбауына референдум кепіл», - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- 20 мыңға келсек, бұл көрсеткішті құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары келтірген, бұл бүкіл елге қатысты. 13 қалада бір мезгілде қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы бандиттік шабуылдар жасалғанын білесіздер. Қазір 5 жарым мың қылмыстық іс қозғалды. 500 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бар болғаны 23 адам нақты қамау жазасына тартылды. Бұл біз осы қайғылы істі өте мұқият зерттеп жатқанымызды көрсетеді. Жоғарыда айтқанымдай, елде қайғылы Қаңтар оқиғасы қайталанбайтынына сенімдіміз. Ал оның кепілі – бүгінгі референдум. Тиісті сабақ алдық.
Қаралы қаңтардан соң, билік қолға алған шетелдегі заңсыз ақша да бүгінгі брифингте сұралды. Шекара асқан миллиардтар бойынша арнайы комиссия құрылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі маңызды саяси оқиғадан кейін халқымызды үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын алға тартты.
Қазақстанда референдум өткізу бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының отырысында көтерген еді. Ел 27 жылдан бері мемлекеттік маңызы бар мәселені дауысқа салып көрмепті. Тіпті «Республикалық референдум туралы» заң бола тұра, ол бірде-бір тәжірибеде қолданылмаған.
Елімізде саяси науқан соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткізілген. Ал Ата заңымызға содан кейін төрт рет түзетіліпті. Ал бұл жолы негізгі Заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізу мәселесі талқыға түсіп жатыр. Бұл – бүкіл Конституцияның үштен бірі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!