Қазақстанға кіру талабы жеңілдейді:ПТР-тест, вакциналау паспорты
8-маусымнан бастап Қазақстанға кіру талабы жеңілдейді. Енді шекарада коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест нәтижесі мен вакцинация паспорты талап етілмейді. Covid-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия осындай шешімге келген.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
07.06.2022
Бұған дейін Қазақстанға тек ПТР тестілеу нәтижесі бар немесе вакцина алғандар, ревакцинация жасатқандар ғана кіргізілді. Басқа елдерде талап жеңілдеген уақытта да, еліміз бүгінгі күнге шейін осы құжаттарды талап етіп келді. Енді ертеңнен бастап бұрынғы шектеулер толығымен жойылмақ. Бұған эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуы себеп болыпты.
Республиканың жеті өңірінде мемлекеттік шекараның 12 автомобиль өткізу бекеті уақытша жабылған болатын. 8-маусымнан бастап барлығы ашылады. Осының өзінде ведомствоаралық комиссия азаматтардан санитарлық талап сақтауын сұрайды.
Ержан Байтанаев, ҚР Санитария-эпидемиологияны бақылау комитетінің бас ресми өкілі:
- Әлемде және елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақталуына байланысты, сонымен қатар елімізде ұжымдық иммунитеттің құрылуына байланысты жасалып отыр. Бұған қарамастан, біз кезькелген азаматтан барлық талапты сақтауға шақырамыз. Ол адамдар топталған жерде өз еркімен бетперде тағуға және де қолын жуып, антисептик пайдалануға әлі де шақырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!