Ербол Қарашөкеев: Биыл жеткілікті – 13 миллион тоннадай астық түсуі керек
Ел қамбасына 13 миллион тоннадай астық түсуі керек. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осындай болжам жасады. Оның айтуынша, астықтан таршылық көрмеу үшін бұл жеткілікті түсім екен. Биыл ауа райы шаруаларға қолайлы болғалы тұр дейді министр.
Автор: Елдос Есенбол
07.06.2022
Былтыр бидайдың бітік шықпауын министрліктегілер қуаңшылықпен байланыстырған.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Қазгидромет деректері бойынша жалпы болашақ өнімге қолайлы ауа райы байқалады. Барлық астық егетін аймақтарда жауыншашын күтілуде. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде ылғалмен қамтамасыз ету тапшылығы байқалуы мүмкін. Бидайдың түсімі ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынша, 13,13,5 миллион тонна болады.
Осынша көлемдегі астық өзімізден артылып, тіпті шетелге сатуға да жеткілікті деп отыр Ербол Қарашөкеев. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, күзде астық бағасы өсуі мүмкін. Бұл шаруалардың шығынын өтеуге жол ашады дейді. Бірақ мемлекет өз кезегінде шаруаларға миллиардтап субсидия бөлуін де жалғастырып жатыр. Алайда дүкен сөрелеріндегі ұн өнімдері бағасының бағынбайтынын депуттар да талай рет мінберден айтқан. Министр Қарашөкеев өзі басқарып отырған ведомствоның, ең алдымен, ішкі нарықты қамтуға жұмыс істейтінін алға тартты.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ауыл шаруашылығы министрілігінің негізгі міндеті – ішкі нарықты толық қамту. Халық тұтынатын тауарларды өндіру, қажет шикізатты өсіру. Бағаны біз ғана қадағаламаймыз. Өз құзіретіміздегінің бәрін істеп жатырмыз. Арзандатылған отын, тұқымдар, минералды тыңайтқыштар. Бұлардың бәріне үкіметтен жеңілдік қарастырылған. Жалпы биыл тауар тапшылығы болмауға тиіс. Орташа жылдық тұтыну мөлшерінде тіпті одан жоғары түсім болуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!