{metadescription}
Ұзынағаштықтар бас көтерді: Трассада екі аптада үш баланы көлік қаққан
Ұзынағаштықтар бас көтерді: Трассада екі аптада үш баланы көлік қаққан

Ұзынағаштықтар бас көтерді: Трассада екі аптада үш баланы көлік қаққан

Алматы облысында жол апатынан ауыр жарақат алған 13 жастағы бала жансақтау бөлімінде жатыр. Мектеп оқушысын жүк көлігі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда қаққан. Жантүршігер жайтты естіген Ұзынағаш ауылының тұрғындары бас көтерді.

 Жұрт елдімекеннің шыға берісіндегі респбуликалық трасса қауіпті жолға айналып, екі аптада үш бірдей баланы көлік қаққанын айтады. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған қараша «Сергек» камерасын орнатуды талап етеді.

Ұзынағаш ауылының шыға берісіндегі республикалық маңызы бар трассада жол апаты жилеген соң жақында жаяу жүргіншілер жолағы сызылған. Алайда жоғарғы жылдамдықпен жүйткіген жүргізушілерге бұл белгі кедергі болмай тұр. Күні кеше осы жолақпен жүріп өткен 13 жастағы баланы көлік қағып кетті. Ауыр жарақат алған жеткіншек жансақтау бөлімінде жатыр.

Түс ауа кітап аламын деп үйінен шыққан 6-сынып оқушысы мектепке жете алмай, ауруханадан бір-ақ шықты. Баланың бауыры езіліп, миы шайқалған. Тұңғышын ойлап түн ұйқысы бұзылған Пейілдің анасы: «Көлік қозғалысын реттеу үшін міндетті түрде адам қазасы болу керек пе» деп көз жасына ерік берді.

Гүлзира Қанатбек, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

- Баламның көк бауырын алып тастады. Жеңіл палатаға шығара алмаймыз әлі. Үш сағатта аппаратқа апарамыз дейді. Осы жол әлі қаншама баланың өмірін ойрандайды. Жолға дұрыстап камера қою керек, жүргіншілерге арналған жол қою керек. Екі жыл бұрын әкімдікке талай айтқанбыз. Ақыр аяғы 15 күннің ішінде үш баланы қағып кетіп отыр. 

Тас жолдың бойындағы  200-ге жуық үй Ұзынағаш ауылына кейіннен қосылған. Қараша күре жолда көліктер құйындай зуылдап, алдынан шыққанын басып өтуден тайынбайды деп күйінеді.

Жол республика бойынша ең ірі екі бірдей мал базарына да апарады. Жұрт жылдамдықты асыратын жүргізушілерге тұсау салудың жалғыз жолы –«Сергек» камерасын орнату деп отыр.

Айбаршын Асанова, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

- Жаңа жылда мал базардың жанында бір әйелді қағып кетті. Одан кейін орыс әйелді қағып өлтіріп кетті. Бізге «Сергек» камерасын қойып берсін. Ұстап алып, айыппұл салсын. МАИ осы жолды қадағаласын. Қатты жүреді. Қатты жүргенде ұшып бара жатқан қарғаны да қағып өлтіреді. Итті, мысықты, малды да қағып өлтіріп жатыр. 

Шулаған халықтың ортасынан табылған «Қазавтожолдың» өкілдері жаяу жүргіншілер жолағы мен жол жүру белгілерін көбейтуден басқа қолдан келер шара жоқ деп қысқа ғана жауап берді.

Ермек Ихиев, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалының бас инженері:

- Ұзынағаш автожолына кірме жол. Ұзындығы алты шақырым. Жаяу жүргіншілер жолының біріншісін орнаттық. Енді екі жерге тағы орнатамыз. Бір жетінің көлемінде орнатамыз. Жол белгілеріне тапсырыс берілді. Камера тұрғысынан біз жауап бермейміз.

Ал "Жол активтері ұлттық сапа орталығының" өкілдері осы жолдың бойындағы жолақтар мен жол белгілерін жаңартуды ұсынған. Яғни бояуы кетіп ескірген ескертпелер көктемде ауыстырылуға тиіс еді.  Ал ауыл округінің әкімі "қауіпті жолға камера орнату қажет деген ұсыныс" құзырлы органдарға жолданғанын жеткізді. 

Бақыт Бейсенбаев, Ұзынағаш ауылы округінің әкімі:

- Осы мәселеден хабарымыз бар. Соңғы жол апаты бойынша сараптама жүргізілді. Бюджетке қарасты өтініш білдірдік. Ұзынағаш ауыл округі бойынша түгелдей камерамен қамтуға. Мәслихат сессиясымен қаражат бөлінгеннен кейін бәріне орнатылады

Алайда қазынадан қаражат қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар бейнебақылау камерасын орнату мәселесін жеделдетуді талап етеді. «Қара жол әлі талай адамның тағдырын талқандауы мүмкін», - дейді төзімі таусылған жұрт.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде