Халық жалақысын тамаққа жұмсап, несиеге белшесінен батып отыр
Қазақстандықтар жалақысының жартысынан көбін тамаққа жұмсайды. Несиеге белшесінен батып, оны төлей алмайтындардың саны да азаймай тұр. Есеп комитеті әлеуметтің әлеуетінің төмендеп бара жатқанын айтып, Үкіметтің сынын жеткізіп, біраз кемшілігін жіпке тізді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
08.06.2022
Атқарушы билік былтыр салуға тиіс тұрғын үйлерді – салмаған, жолдардың жобасын дайындап – аяқтамаған, әлеуметтік нысандардың құрылысын – бастамаған. Еліміздің бас аудиторы енді шенеуніктерге дәптер мен қалам ұстатып, бухгалтерлік есепті үйретуге дайын. Мәжілістің жалпы отырысындағы айтыс-тартыс қалай өтті?
Бүгінгідей күн Мәжілісте күнде бола бермейді. Депутаттар бірден 10 шақты заңнама құжатын қарап тастады. Ең қызығы, мәжілісмендер былтырғы бюджеттің атқарылуы мәселесін ең соңына қалдырған. Бір жарым сағат бойы Үкімет мүшелеріне арналған бөлмеде қамалып, бір жағынан қобалжыған министрлер Мәжіліс спикері шақырғаннан кейін қаздай тізіліп отырыс залына кірді.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс спикері:
- Келесі мәселеге шақырылған азаматтар отырсын. Бүгін шаршап отырсыздар ғой, бәріңіз.
Депутаттар шаршаса, шаршайтын шығар. Жыл сайын Үкіметтің қателіктерін айтып, бетіне басса да, өзгерген ештеңе жоқ. Бәрі сол күйінше. Оны Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова айтудан шаршамайды. Өзі жылда бір келіп, министрлердің ақшаны жұмсауы жағына бағасын беріп кететін оның айтары тағы көп екен.
Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы:
- Бюджет белгісіз себептермен бір жылдық шығындарға қаржы жетпейтіндей етіп жоспарлана бастады. Бұл нонсенс. Бір жылға арналған бюджет шығысы терең пысықталмай бекітіледі. Әсіресе даму бюджеті 8% немесе 1,2 трлн теңге екенін ескеруіміз керек. Егер коммуналдық қызметтерді төлеуге ақша жетпесе, пәтерді күрделі жөндеуді жоспарламаймыз ғой. Мемлекет басшысының бастамаларын қоспағанда, бұл бюджетті сапасыз жоспарлау және оған қаржы министрлігінің келісім беруі.
Бюджеттің атқарылуынан Есеп комитеті 413 миллиард теңгелік заңбұзушылық тапқан. Ең көп кемшілікті индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жіберген. Ведомство 8,5 миллиард теңгеге заң бұзыпты. Содан кейінгі тізімде денсаулық сақтау, білім және ғылым министрлігі, экология министрлігі тұр. Индустрия министрі Қайырбек Өскенбаевке жіберілген кемшілік «түкке тұрғысыз».
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Ол есептегеніңе байланысты. Бюджет екі триллион теңгеден асады десек, жіберілген заңбұзушылық дым емес. Дегенмен біз заң бұзушылықпен күресеміз. Айтылған ескертулерді дұрыстаймыз.
Қазақстанда бір жол құрылысының жоба құжаттамасын әзірлеуге 50 миллион теңге жұмсалады екен. Годунованың сөзінше, мұндай жомарттық болмауы шарт. Өйткені Үкімет әліне қарамай жобаны іске асыра ала ма, жоқ па, бағамдамайды. Тек жобалар жасалады. Ақша құйылады. Болды, сол күйі қалуы да мүмкін. Қаржы министрінің мұндай сынға еті үйренгендей. Бас аудитордың ескертпесіне Жамаубаев күйіп-піскен жоқ.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі:
- Жылда болып жүрген нәрсе. Біз оның барлығын сараптаймыз. Арнайы «Жол картасына» салып, егер де ескеретін жағы болса, ескереміз. Егер ескеруге келмейтін жағы болса, оны Есеп комитетімен талқылап, бір шешімге келеміз. Ол жылда болып жүрген нәрсе.
Бюджетті дұрыс атқара алмағанымыз аздай, Ұлттық қордан алынған ақшаны да атқарушы билік оңды-солды шашып жүр. Болашақ ұрпақтың қорынан бөлінген қаржының 64 пайызы зейнетақы, жәрдемақы төлеуге, тіпті сотталғандарды күтіп-ұстауға кетіпті. Ал мемлекеттік аудит кезінде салық және кеденді әкімшілендіруден түсуге тиіс кіріс 1,8 есе азайған. Мысалы, Қазақстанға әкелінетін аяқ киім туралы деректерде сәйкессіздік көп. Құжатқа салса, бұқара аяқкиімсіз жүруі керек.
Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы:
- Халықтың бір бөлігі жалаңаяқ жүруі керек деген қорытындыға келдік. Ешкім жалаң аяқ жүрмейді, қыста, жазда, күзде бәрі аяқ киіммен жүреді, бәрінде бірнеше жұп аяқ киім бар. Ал аяқ киім арзан өнім. Қымбат өнеркәсіп жабдықтары, сандық жабдықтар және тағы басқалар туралы айтсақ ше?
Шенеуніктер ақшаны дұрыс жұмсай алмай жүргенде, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеп кетіпті. Мәселен, ипотека алғандар үлесі – 38 пайызға, басқа несие 40 пайызға өскен. Халық табысының 18 пайызын кредитке төлеп отыр. Ал жалақының жартысынан көбі тамаққа жұмсалады деді Годунова.
Заң бұзған министрліктерді Есеп комитеті жылдағы дәстүрге сай жазалауға құлықты. Бірақ қалай жазалайтынын Бас прокуратура шешеді.
Қазір Есеп комитетінің төрайымы Үкіметтің әр мүшесіне дәптер мен қалам ұстатып оқытуға бас қатырып отыр. Бухгалтерлік есепті үйретсе, бәрі дұрысталатынына Годунова ханым сенімді. Ол келесі Парламент отырысына комитеттің жаңа «Жоғары аудиторлық палата» деген атаумен келетінін ескертті. Ал бүгінгі үш сағатқа созылған айтыс-тартыстың соңы Үкімет мүшелерінің бақытты сәтімен аяқталды. Олар ақыры былтырғы бюджет бойынша есепті бекіттіріп әкетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!