{metadescription}
Алматы облысында лимузин көлігінің иелері шу шығарды
Алматы облысында лимузин көлігінің иелері шу шығарды

Алматы облысында лимузин көлігінің иелері шу шығарды

«Салығын төлегенше, көлігімді өртегенім артық!» Бүгін Алматы облысында 40-тан астам лимузин қожайыны осылай шу шығарды. Айтуларынша, Мемлекеттік кірістер басқармасы еш ескертусіз соңғы үш жылдың салығын қайта есептеп, орташа бір жарым миллион төлеуге міндеттеген.

Осыған дейін «Д» санатымен орташа 40 мың төлеп келгендер, енді «Б» санаты бойынша 360 мың теңге төлеуі тиіс екен. Ең қызығы, лимузиндерге соңғы үш жылдың салығын қайта есептеу әзірге тек Алматы облысында жүріп жатыр. Жауапты мекеменің басшылығы Салық кодексіне енгізілген өзгеріске сүйеніп қана сылдыр жауап берді.

Бұл лимузиннің ұзындығы 11 метр. Салмағы 6,5 тонна. Қожайыны Алмабек Жолдасов қалайша оны жеңіл көлік санатына жатқызуға болатынын түсінбей дал. Алматы облысы мемлекеттік кірістер департаменті бертінде 200 ге жуық лимузин қожайынына соңғы үш жылға орташа 1,5 млн теңге «берешексіңдер» деп, салықты қайта есептеп айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Мәселенің мән-жайын өз аузынан есту үшін олар Талғардағы басқарма алдына жиналды.

Айдос Жолдасов:

- Кемінде 1,8 млн келіп жатыр. 2019 жылғы салық келіп жатыр. Негізі 2019 жылға салық төлеп тастағанбыз. Төленген деген қағазы да бар. Осыған дейін ешқандай ескерту болған жоқ. Ескерткен жағдай да біз ең болмаса ақша жинап төлер едік. Заң бәріне бірдей болу керек. Алматы, Семей, басқа қала келіпті, 2021 жылға келіпті, келісеміз. Бізге неге 2019 жылдан бастап санайды. Алматы облысы бөлек пе, әлде Алматы облысының бюджетіне ақша жетпей жатыр ма?

Техникалық паспортта лимузиндер автобустармен теңестіріледі. Салық кодексінің 492 бабына енгізілген соңғы түзетуде енді бұл көліктерді «Б» санатына жатқызыпты-мыс. Қозғалтқыш көлемі кемі 5 литрден асатындықтан, енді олардың төлейтін салығы 40 мыңнан 400 мың теңгеге бір-ақ көтерілген.

Асланбек Нұрмұхамбет:

- Жеңіл машинаға еш келмейді. Жеңіл машина, мысалы 3,5 тоннаға дейін, заң бойынша. Менің өзімнің машинам 7 тонна болады. Бұлар енді өтіп кеткен үш жылды көтеріп жатыр. Мысалы, көлемімен  төлеңдер дейді, ол шамамен 400 мыңға дейін шығады, бір көлікке. Сол жерден 30 мың төленгенді алып тастап, қалған салықты мойынға іліп жатыр. Менің өзіме жалпы пенясымен 1,9 млн келіп тұр.

«Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері осы жағдайға келіп тұр. Бәріне ортақ kgdgov.kz сайтына кіріп, техникалық құжат бойынша тексерсе, салық ретінде 40 мың теңге шығып тұр. Бірақ бұл базадағы сәйкессіздік қалған үш жылдың қайта есептелген салығын төлемеуге себеп емес деп міз бақпайды.

Лимузиндерден жаңа тарифпен  салық есептеу туралы түзету Салық кодексіне  енгізілгеніне бірнеше жыл болғанмен, облыстан үш жылдың ақшасын өндіру туралы бұйрық бертінде ғана жетіпті. «Ешкімді ескертпеді» деген лимузин иелерінің шырылына заң бәріне ортақ деген жауаппен шектелді.

Мұхит Өтегенов, Талғар ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы:

Қайта есептейтін өз уақыты бар. Шектеу мерзімі деген. Соған қазір үш жыл. 2019,2020,2021 жылға қайта есептеуге болады деп жазылған. Сол заңға сәйкес, бұл лимузин, пикап, джип автомашиналарына қайтадан есептеп, қалған төлегеннен қалған сомасына аудартып отырғыздық.

Жиналғандардың түсінбейтіні, соңғы үш жылдың салығын қайта есептеп, өндіру тек Алматы облысында жүріп жатыр. Мемлекеттік кірістер департаменті облыс бойынша осылайша 200-ден астам көліктен 112 млн теңге өндірмек. Бұл бассыздық тоқтамаса, лимузинді басқарма алдына апарып өртеуден басқа амал жоқ деп тарқасты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде