KFW: Жаз маусымына қандай киім сәнді
Алматыда ерекше киінуге құмар жандар асыға күтетін Сән апталығы басталды. Сәнқойлардың басын қосатын жиында жылдағыдай Тәжікстан мен Өзбекстан дизайнерлерінің де коллекциясы көрсетіліп, жұмысы бағалануда.
Автор: Салтанат Шырынха
09.06.2022
Сән индустриясы биыл қанық түстерге басымдық беріп отыр. Жаз маусымына қандай киім сәнді?
Қазақстанның биылғы сән апталығына бренд пен тренд қуалағандардың барлығы жиналған. Бұл жолы да Ресей, Өзбекстан, Тәжікстанның дизайнерлері тіккен 21 түрлі топтама ұсынылады. Мамандар алдағы жаз маусымында ашық түстің барлығы сәнде екенін айтады.
Кезекті Сән апталығының шымылдығы Назым Қарпықованың топтамасымен ашылды. Подиумға модельдер бірінен соң бірі бетіне маска киіп шықты. Ал киімдері ұзын әрі жабық болғанымен, түстері тым қанық, көздің жауын алады. Жас дизайнер өзге тігіншілерден ерекшеленгісі келіп, жыл басында сәнді болған күлгін түстіден киім тікпепті.
Назым Қарпықова, дизайнер:
- Соңғы кезде көбінесе прета-порте киімдерін тігіп жатырмыз. Өте ыңғайлы. Денеге ыңғайлы отыратын киімдер және де көбінесе табиғи маталардан жасалған киімдер көп ұсыныста. Мысалы, той көйлектері бір мерекеге арналған, біраз шетте қалып, көбінесе кэжуал киімдер таңдалып жатыр. Қазіргі қыз-келіншектер, клиенттеріміз айтады ғой, мерекеге де, күнделікті киімге де киілетінін таңдап жатыр.
Сән апталығы Алматы төрінде осымен 18-ші жыл өткізіліп отырған фэшн шара. Жылына екі реттен – күз бен қыс және көктем мен жаз маусымында қыз-келіншектерге қалай киіну керектігін ұсынып отырады. Барын киіп, бақанын асынып келетіндердің басын қосуға арналған жиын дерсің.
Ботагөз Алдоңғарова, Kazakhstan Fashion Week PR-директоры:
- Кеше 9 дизайнердің, бүгін 8 дизайнердің қолынан шыққан туындылары көрсетіліп жатыр. Биыл Қазақстан сән апталығының 30-маусымы. Қазір киім үлгісі де, дизайнерлер де жаңарған. Ең жас тігінші 21 жаста. 18 жыл бұрын бұл жобаны отандық дизайнерлерді қолдау мақсатында бастаған болатынбыз. Қазір еліміз ғана емес Тәжікстан, Өзбекстаннан да мамандар келіп қатысуда. Бұл үлкен жетістік.
Отандық дизайнерлер биыл жазда барынша қанық түсті киімдерді киюге кеңес беріп отыр. Әсіресе ал қызыл түс сәнде екен. Сондай-ақ ыңғайлы әрі ұзындау келген пиджак пен кең балақты шалбарлар да ажарыңызды әрлендіре түсетінін айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!