Ақтоғайлықтар шыбын-шіркей, масадан көз аша алмай отыр – Павлодар облысы
Павлодар облысында бүтін бір аудан тұрғындары шыбын-шіркей мен масадан көз аша алмай отыр. Қансорғыш жәндіктен үй жануарларының да мазасы кеткен. Қорадағы малы да қырыла бастапты. Балалар да үйден шығуды қойған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
10.06.2022
«Бау-бақшаны арам шөп басып, көшеде жүріп тұру қиындады», - дейді тұрғындар.
Ақтоғай ауылының тұрғындары далаға шығарда омарташылардың бас киімі мен аңшылардың сырт киімін жабынып алады. Шыбын-шіркей мен қансорғыштардан қорғанудың басқа амалы жоқ.
Мейрам Имашев,Ақтоғай ауылының тұрғыны:
- Биыл өте көп, мазамызды алып тұр. Басты себеп: уақтылы өңдеу жұмысы, зерттеу жүргізілген жоқ. Біз себепті осыдан көріп тұрмыз. Өмірімізге қауіп төніп тұр десе болады. Өйткені келер қысқа баубақша өңдей алмай, малымызды өсіре алмай, балаларды далаға шығара алмай отырмыз.
Тұрғындар аса қауырт шаруасы болмаса, далаға шықпайтын болған. Кешке мал өрістен қайтқанда аулаға алау жағып, жәндіктерді түтінмен қашырады. Қансорғыштар күн өткен сайын көбейіп барады. Мал-жан қырылып, балалар жазғы демалысты төрт қабырғада өткізіп жатыр. Ауыл тұрғындары: «Бұрын мұндай шыбын-шіркей көрмедік» - деп отыр.
Гүлмира Христадорова, Ақтоғай ауылының тұрғыны:
- Міне, үй құстарымды сары маса мен шыбыншіркей талап тастады. Иттер болса, үймелеген жәндіктердің ұясын тырмалап,қазып, тіпті азан-қазан боламыз. Ауа райы құбылып, қатты жел де тұрды. Бірақ зиянкестерден құтыла алар емеспіз. Жылағым келеді. Бау-бақшамды арам шөп басып кетті. Шықсаң, үстіңе қарақұрым шіркей қонады.
Шенеуніктер зиянкестермен күресіп жатқанын айтады. Бірақ шашқан дәрілерінен пайда болмай тұр. Өздері де мойындап отыр.
Қаршыға Арынов,Ақтоғай ауданының әкімі:
- Негізгі мақсатымыз 0 шыбыншіркейі көп жерлерге дәрі шашып, елдімекендерге кіргізбеу. Сол үшін Ертіс өзенін жағалай өңдедік. Бірақ көздегеніміздей болмады.Кей жерлерде жәндіктер жойылды бірақ, тез көбейді. Әзірге жағдай осы.
Ақтоғай ауданында 34 мың гектар жайылым бар. Қарақұрымдай қаптаған шыбын-шіркей басқан ауыл тұрғындарының талабымен екі ұшақпен 17 ауылға ауадан дәрі шашылыпты.Бұл бар жердің бес пайызын ғана құрайды екен. Қансорғышқа таланып жанын қоярға жер таппай жатқан жұртты құтқаруға бюджеттен үш жылға 1,5 миллиард бөлінген. Әзірге ақтоғайлықтарға оның іске асырылуын күтіп шыдай тұруға тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!