Өстемірліктер Алматыға қатынайтын қоғамдық көлікке зар болып отыр
Қалаға қатынай алмай жүр. Алматы облысындағы Өстемір ауылының тұрғындары осындай мұңын шақты. Талғар ауданына қарасты елдімекенді іргедегі Алматымен жалғайтын қоғамдық көлік жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
10.06.2022
Ал такси бағасын екінің бірінің қалтасы көтермейді. Бұл жағдайға қатысты атқамінерлер не дейді?
Өстемірдің кіреберісіндегі сұрқы қашқан аялдамаға қарап-ақ, автобустың бұрыннан ат ізін салмағанын аңғаруға болады. Екі мыңға жуық халқы бар ауыл Алматы, Талғармен байланыстыратын қоғамдық көлікке жарымай-ақ қойды. Бұрын болған. Бірақ субсидия тоқтап, жоғалған. Ал жекеменшік жолаушы таситын кәсіпкер бір ай бұрын ат қарасын мүлде үзіпті.
Бақытбек Қырғызбаев, Өстемір ауылының тұрғыны:
- Зейнеткер емес, мына оқушылар бар қалаға қатынайтын. Бұл жерде жұмыс жоқ, ешқандай. Бәрі қалада. Ал енді зейнеткерлер банкоматтан ақша ала алмай отыр. Бәрі Талғарға, Алматыдан барып алады. Айтып жатқаны рас қой, шыжып күннің астында тұрады, ешқандай мүмкіндік жоқ.
Өстемір ауылы құдды өгейдің күйін кешкендей. Айналасындағы Туғанбай, Жалқамыс, Нұра ауылдарында бұл мәселе бұрыннан шешілген. Әкімдік жолаушы таситын автобусты реттеген. Таксиге артық теңге құртудан титыққан тұрғындар бұл жағдайға жергілікті атқамінерлерді кінәлайды.
Зоя Бердімұратова, Өстемір ауылының тұрғыны:
- Үкіметтен сұраймыз: бізге автобус керек. Осында халқы бар, жаяулап жүрміз. Мысалы, үйімізден шығатын көлік жоқ. Өздерің біліп тұрғандай, мына жер тұйық. Нұрадан, Туғанбайдан келсе, алып өтеді, Талғарға өтетіндері ғана. Ал бізге қатынау қиын.
Өстемір қарасты Нұра ауыл округінің өкілі бүгін осында төбе көрсетті. Жағдайды беске біледі. 50 шақырым қашықтыққа дейін ауылдардағы жолаушыны тасуға Алматыдағы әріптестері жауапты дейді. Қазір олармен ауыл белсенділері соттасып жатыр екен. Іс оң шешімін тапса, жақын арада күрмеудің түйіні тарқайды деп сендіргісі келеді.
Дулат Бөрібаев, Нұра ауылы окурігі әкімдігінің бас маманы:
- Олардың талап етіп отырғаны – Жетіген ауылына 220 автобус жүреді. 80 теңгемен, болмаса Оңай картасымен тасымалданады. Соған 4,5 шақырым жерге мердігер бар, Алматы қаласы белгілі бір себептермен субсидия жоқ деп, қарсылық білдіріп отыр. Негізі олар міндетті. Алматы қаласынан 50 шақырым елдімекендерге Алматы қаласы көлік тасымалымен қамтамасыз етуге тиіс.
Сот шешімі шықпайынша, бұл мәселе бір жақты болмайды. Ал Талғармен байланыстыратын қоғамдық көлік «бір айдың ішінде жүреді» деген әкімдік уәдесін берді. Әзірге қатынау бағасы қанша болатыны белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!