Жолды жапқан наразылық адам өлімімен аяқталды — Алматы
Жолды жапқан наразылық адам өлімімен аяқталды! Алматыда екі үйдің арасындағы шлагбаум үшін басталған текетірес қайғылы жағдайға әкеліп соқты. Жүргізуші көлігін өткізбеген қарияға қол жұмсап, артынша араша түскен басқа жігіт бір соққымен оны жерге сұлатқан. Жүргізуші ақыры ауруханада бақилық болды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
13.06.2022
Даудың басы бес қабатты ескі үйге жапсарлас салынған тұрғын үй кешенінен басталған.
Өтемін деп сигнал басқан көлікті капотынан алақанымен қойып қалған қарияның қимылы наразылық шарасын ширықтырды. Қымбат қара тұлпарына тиген соққыға ашуланған жүргізуші егде адамды ойланбай қойып қалған. Сол сәтте көптің ортасында тұрған өзге жігіт оны оңдырмай бір соққымен омақаса құлатады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Рұқсат етілмеген акцияға қатысушылардың бірі 1980 жылы туған М. есімді азамат жанжал кезінде олар қозғалысын бөгеп қойған көліктердің бірінің жүргізушісі 1974 жылы туылған К. есімді азаматтың денесін жарақаттаған. Нәтижесінде жәбірленуші қайтыс болды. Күдіктінің іс әрекеті 106-бабының 3-бөлігімен сараланды. Ол полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Короленко көшесіндегі бес қабатты үйдің тұрғындары жолды жауып, Бостандық ауданының әкіміне үнін жеткізгісі келген екен. Ақыры Алтай Рақымбетов те жетіпті. Әлеуметтік желіде тараған видеода жүргізушіні өлтірген күдіктінің атқамінермен сөз таластырып тұрғанын аңғаруға болады.
Тұрғындардың табанды талабымен орнатылған шлагбаум. Мұнда аула деген атымен жоқ. Есіктен шыққаннан бірден Короленко көшесіне аяқ аттап басасыз. Қауіпсіздік үшін оқшаулануын көрші үйдің тұрғындары оғаш көреді. Олар жол бәріне ортақ, көрпені өзіне қарай тартпасын деген ойынан танбай тұр.
Қорлан Қалиева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұны тек қана біз пайдаланамыз дейді. Бұл үкіметтің жарлығы бойынша барлығы пайдаланатын көше. Бұл көшенің аты бар, Короленко деген. Оны біз жасаған жоқпыз. Сондықтан мұнда тұрған халық көшені пайдалануы керек.
Жаңа үйдегілер ескі баспанадағылардың базынасына басын қатырмайтындай. 800-дей пәтерлік Терра кешеніндегі тұрғындар тар көшеге көлігін қойып тастап, әрлі-берлі жүйіткігеннен есік алдына шығудан қалдық дейді. Жолдың екі бетіндегі көршілердің керісі әзір бітер емес. Әрқайсысы өз шындығын дәлелдеп әлек.
Бес қабатты үйді паналағандар бұл кешен техникалық талапты бұзумен бой көтерген дейді. Айтуларынша, екі үйдің арасындағы арақашықтық кемі 25 метр болуға тиіс. Ал іс жүзінде бар-жоғы 15 метр. Құрылысты жүргізген компания өкілі «бәрі талапқа сай» дегенмен, техникалық норма қанша екенін айта алмады.
Рустам Оралұлы, «Хан-Тенгри Сервис» компаниясының заңгері:
- Экспертиза 18-19 жылы жасалған. Ол кезде басқа норма болған. Қазір Алматы қаласында басқа нормалар. Мүмкін ол кісілер шатасып, қазіргі норманы айтып жатқан шығар. Ол кезде норма бәрі сәйкес кеп тұр. Мен қазір сізге нақты цифр айта алмаймын.
Журналистерді екі сағат бойы күттіріп қойған Бостандық ауданы әкімдігі де ол норманы нақты айта алмай отыр. Әкім орынбасары «жауапты басқадан сұраңдар» деген сыңаймен әңгімені қысқа қайырды.
Маржан Балбаева, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары:
- Ол жөнінде қазір сіздерге айта алмаймын. Техникалық жағынан. Оны кәдімгі құзырлы органдардан сұрап алуыңызға болады. Қазір көшенің тарлығы рас. Мен оны санаған жоқпын, оны білмеймін.
Қайғылы оқиғадан соң Короленко көшесінің екі жағындағы шлагбаум жабылды. Әзірге ашу құқығы тек бес қабатты үйдің тұрғындарында бар. Жағдай уақытша тыншығанымен, даудың нүктесі қойылмады. Ал рұқсат етілмеген акцияны ұйымдастырды деген төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!