Саясат Нұрбек ант беріп, ресми түрде жаңа қызметіне кірісті
Жаңа министрліктің жаңа басшысы ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті. Бүгін үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Конституцияға қолын қойып, ел халқына адал қызмет етуге уәде етті.
Автор: Елдос Есенбол
14.06.2022
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін. Ант етемін!
Бұл Саясат Нұрбектің жыл басталғалы екінші рет Ата заңға қолын қоюы. Ақпан айының соңында ғана Мәжіліс депутаты болып сайланғанда «бісміллә» деп ант берген. Енді араға үш ай салып, ғылым және жоғары білім министрі қызметіне кірісіп отыр.
Жаңа ведомство президент жүктеген төрт міндетті алға қояды: Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру, жоғары оқу орындарының ғылым бағытын дамыту, қолданбалы зертеу жұмыстарын қаржыландыру, елдегі ғылым саласының ұзақ мерзімді даму жоспарын айқындау.
"Соңғы он бес жылда жинаған білімім мен білігімді жаңа қызметімде кәдеге асыруға тырысамын", - дейді Саясат Нұрбек. Ал әзірге жаңа министрдің кабинеті де, орынбасарлары да жоқ.
Өткен сенбіде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен білім және ғылым министрлігі екіге бөлінген еді. Оның бірі Саясат Нұрбек тұтқасын ұстаған ғылым және жоғары білім министрлігі, екіншісі елдегі балабақша, мектеп жалпы орта білім ұйымдарын қадағалайтын оқу-ағарту министрлігі. Ол ведомстваны Асхат Аймағамбетов басқарады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Кресло жоқ қой. Менде кабинет те жоқ, ғимарат та жоқ, адам да жоқ. Қолым қышып жатыр. Бастамаларымды жүзеге асыруға бірінші рет өмірімде мүмкіндік берілді. Сондықтан қобалжып тұрмын. Бірақ үлкен үміт те бар. Халқымызға қызмет етуге, президентітің, ең бастысы, сенімін ақтауға.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!