LRT: Бас қатырған елорда билігіне мектеп оқушысы ұсыныспен шықты
Атышулы LRT-ның бағаналарын не істерін білмей бас қатырған елорда билігіне мектеп оқушысы ұсыныспен шықты. Шетелдік олимпиадаларға қатысып жүрген бозбаланың жобасы да дайын. «Жемқорлықтың символы болған бетон бағаналарды қайтпек керек?» деген сұраққа белгілі сәулетшілер мен урбанистер де жауап іздеп жатыр.
Автор: Әзиза Төленби
14.06.2022
Бірі сүріп тастау арзан десе, енді бірі мемлекеттің миллиардтары жұмсалған құрылысты көпшіліктің қажетіне жарату қажет деп есептейді.
Мектеп оқушысы Нұртөре Арнұрұлы LRT-ның бітпей қалған құрылысына бейжай қарамай, көптен бері толғанып жүр. Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбын бітірген бала бетон бағаналардың үстін, айналасын саябақ, кітапхана, музейге айналдырғысы келеді. Жобасы да дайын.
Нұртөре Арнұрұлы, оқушы:
- Мен жобамды "Қара шаңырақ" деп атадым. Бұл жобада мен қазіргі ЛРТның мұнараларының орнында этнопарк салуды көздедім. Ол этнопаркте жастар және қала тұрғындары қазақтың мәдениетімен таныса алады. Қала тұрғындарына және қонақтарына қазақтың мәдениетіне тағы да жақынырақ көмектесетіндей жоба.
Сақалды құрылыстың енді соңына дейін жетпейтініне сәулетші Ғалым Илипов те сенімді. Сондықтан оны шағын бизнеске беруді ұсынады. Ол үшін бағаналардан ертоқым іспетті ғимарат салауды ұсынып отыр. Сәулетшінің сызбасы бойынша, ғимарат іші қысы-жазы жасыл бақ болмақ.
Ғалым Илипов, сәулетші:
- Бұрынғыша емес, төртбұрыш емес, кішкене қызығырақ форма. Стиль жағын да ұлттық нысандармен жасағанбыз. Ертоқым сияқты. Өйткені бізде астана болсын, Алматы болсын, ұлттық стильде жасалған сәулеттер жоқ. Жабық саябақтар салу керек, нешетүрлі халық баратын, көңілін көтеретіндей, ішіне бірдеңкелер қою керек.
LRT салудың өзі үлкен қателік болғанын жыл басында президенттің өзі айтқан. Бұл ретте мемлекет басшысы урбанистерге көп үміт артты. Бірақ мұндай алып, үлкен әрі аяқталмаған дүниені көрмеген отандық мамандар не істерін білмей отыр.
Әдия Қарсыбек, урбанист:
- Негізі мына құрылыстың көлемі өте үлкен. Жолды кеңейтіп емес, керісінше, тарылтып тұр. Бұл тұрған жерге көлік жүретін тағы бір жол түсірсе болушы еді. Шетелдік урбанистерді тартып шешім шығару керек. Қаншама ақшаға тұрғызылды. Енді бұны бұзу одан да қымбатқа шығады. Одан да бірдеңе жасау керек.
Әкімдікке осыған дейін 400-ден аса ұсыныс түсіпті. Бірақ бәрі мейрамхана, қыдыратын ойын-сауықтан аспай жатыр дейді мамандар. Мемлекеттің алты миллиард доллары жұмсалған жобаға әлі талай миллиард қажет. Қазір тіпті әкімдікте шетелден урбанистер жалдап жұмыс істетуге ақша жоқ.
- Сәттілікпен басталып, е Аллам, сәттілікпен аяқталуды өзің нәсіп еткейсің. Бәлежәле, қауіп-қатерден сақтағайсың. Абырой бергейсің.
Құрылысты осылай бастап аяқсыз қалдырғандардың алды түрмеде отыр. Ал миллиардтарды қалтаға басқан негізгі фигуранттар шетелде қашып жүр. «Астана-LRT» ұлттық компаниясының басшылары мен экс-шенеуніктерге құзырлы органдардың құрығы жетер емес.
Онсыз да жайдарлы күні сирек, бұлтты күні көп астананың сиқын сұп-сұр бағаналар тіпті қашырып тұр. Әуежай мен вокзалдың ортасын жалғайтын жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысына елордалықтар әу бастан секеммен қараған. Құрылыс сол күйі аяқталған жоқ. Ал жуық арада қала билігі бір шешімге келмесе, Қазақстан ғана емес, әлемдегі ең танымал жемқорлыққа қойылған ескерткіш болуы әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!