Олимп тұрғындары: Ортақ жолды жекеге жер телімі ретінде сатқан
«Ортақ жолды жекеге жер телімі ретінде сатқан». Алматы облысында Олимп ауылының тұрғындары осылай деп шу шығарды. Енді өздеріне бір көлік қана сиятындай асфальт жол салынатынын естіген тұрғындар кең жердің қоршалуына қарсы.
Автор: Салтанат Шырынхан
14.06.2022
Ал даулы жердің иесі: «Жекенің иелігіндегі жерді жолға айналдырған халықтың өзі кінәлі» - деп отыр.
Ел арасында 19-шы шақырым деп аталған қазіргі Олипм ауылының тұрғындары жердің сатылғаны туралы жаңалықты екі апта бұрын естіген. Қаламен байланыстыратын жалғыз тас жолға түсіретін бұл бұрылыстағы жер 4 жарым сотық. Мұнда халық қоныстанғалы бұл аумақ қоғамдық көлік тоқтайтын аялдама ретінде белгіленген. Енді жер қоршалып, жолдың арғы бетіне өту балалар үшін қауіпті бола ма деп алаңдаулы.
Сәдуақас Игенбаев, саяжай тұрғыны:
- Бұрылып шығу өте қиын. Одан кейін балаларға алаңдаймыз. Одан кейін мына жер аялдама еді. Казір каникул болды. Барлығы ұмытылып жатыр. 1-қыркүйекте қай жерге барады? Аялдама осы жер. Автобус келіп, жан-жаққа алып кетеді оқуға.
Тұрғындардың әрі-бері өтуіне учаскенің жанынан жер бөлінбекші. Яғни ұзындығы 10 метр болатын асфальт төселіп, ары қарай ескі жолға жалғанады. «Тар жолға тамаша болғымыз келмейді» деген тұрғындар үлкенді кішілі көліктер енді ішке қарай кіріп, не айналып өте алмайтын болды деп отыр.
Әлия Абдуллаева, саяжай тұрғыны:
- Мына жолымыз үш ауылға барып тұрған жалғыз жол. Осы жолды жаппақшы. Жаппақшы емес, сатып алған біреу. Біздің осы үш ауылға кіретін бір жолға рұқсат бар ма, жоқ па? Соны біліп берсе. Егер тиісті болса, осындай қашықта әдемілеп, машина батпайтын, ертең қар, жауында жүре алатын жол жасап берсін.
Бір көршінің әлегі жүз адамға жүк. Көпке ортақ болып келген жолды сатып алған Ерлан Жұматаев төбе көрсетті. «Төрт жарым сотық жер учаскесін заңды түрде сатып алдым» деген азамат мұнда не салатынын әлі шешпепті. «Дәлелім – қолымдағы құжаттарым», - дейді.
Ерлан Жұматаев, жердің иесі:
- Мен бұл участокты сатып алып отырмын Бір жыл бұрын үй соғамын деп, немесе көреміз енді. Негізі жол жабылайын деп тұрған жоқ. Жол деген негізі саяжайға қарайды, 6-8 метр. Мен бұл жерден 10 метр қылып, өз есебімнен кеңейтіп беремін деп жатырмын.
Жолдың жекенің иелігіндегі жер екенін Қарасай аудандық жер қатынастар бөлімі де растап отыр. Яғни 2017 жылы алты жарым гектар учаскені саяжайдан үй салу үшін 50-ден астам тұрғын сатып алған. Ал бұл даулы жер соның бір бөлігі екен.
Сырым Жарқымбаев, Қарасай ауданы ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Төрт жарым сотық жерді осы күнге дейін елдер жүріп жүрген жолға айналдырған. Бірақ бұл кісінің сол салып жатқан учаскесінің жанында айналып өтетін балаларға, елдерге жолдарға шығатын жолы бар. Осы жолды пайдаланса болады. Бұл жер жекеменшік иесінікі. Сәулет құжаттарын қарағанда бұл орналасқан 6 жарым сотық жерге жол деп орналаспаған.
Осылайша атқамінерлер жердің заңды иесі толықтай сатуға құқылы екенін айтады. Егер тұрғындар келіспесе, сотқа жүгінуіне болады деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!