Жүк көлігі жол апатын жасап, 100-ге е жуық адам өлімнен қалды
Жамбыл облысында жүк көлігінің кесірінен 100-ге жуық адамның өмірі қиыла жаздады. Ауыр техника жолда аялдап тұрған 2 автобус пен 8 жеңіл машинаны жапырып өтіп, бесеуі өртке оранған. Апаттан түгі қалмай қираған Тойотаның жүргізушісі қаза тапты.
Автор: Руслан Әбдіхалық
15.06.2022
Қайғылы жағдай кеше түнде болған. Жуалы ауданындағы Күйік асуына жете бере тұста жүк көлігінің тіркемесі өздігінен өртеніп, тас жолдағы қозғалыс тежелген. Арада жарты сағат өткенде қаз-қатар қаңтарылып тұрған көліктерді екінші жүк машинасы бірінен кейін бірін қиратып өтеді. Арасында екі автобус бар. Екі қоғамдық көлік бірден өртке оранған.
Ауыр техника таптап өткен Тойотаның жүргізушісі сол жерде жан тапсырды. Ал екі автобус пен соқтығысқан басқа да көліктерде жалпы саны 100 ге жуық адам болған. Олардың басым бөлігі дер уағында қауіпсіз жерге қашып үлгеріпті. Гүлчехра Кәрімова ажалдан аман қалғандардың бірі. Аяғы сынып, басынан ауыр соққы алған 46 жастағы әйел Ташкенттен Алматыға кетіп бара жатқан. Ол болған жағдайдан әлі есін жия алмай отыр.
Гүлчехра Кәрімова, Өзбекстан азаматы:
- Алдымыздағы көлік өртеніп жатқасын автобус тоқтап тұрған. Көзім ілініп кетіпті. Қатты соққыдан шошып ояндым. Бізді жүк көлігі соқса керек. Айналада айғайшу, сөйтсем автобус өртеніп жатыр. Бәріміз жанталасып далаға қашып шықтық. Мен енді кері қайту үшін елшіліктен адам күтіп отырмын.
Оқыс жағдайдан 12 адам зардап шексе, 10 –ны қалалық ауруханаға жеткізілген. Үшеуі Өзбекстан азаматы. 4 науқастың жағдайы ауыр. Оларды аман алып қалу үшін дәрігерлер барын салып жатыр.
Сәкен Жұмашев, Тараз қаласы көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
- Төртеуінің ішіндегі екі науқасымыздың жағдайы өте ауыр. Өйткені екеуінің де 78 қабырғасы сынған. Қазір ауыр хәлде болғасын керекті көмектің бәрі көрсетіліп жатыр. Дәрі дәрмектің бәрі жеткілікті.
Полицейлер бұл істі қатаң бақылауға алды. Әзірге жүк көлігінің не себепті тоқтай алмағаны белгісіз. Қазір осы дерек бойынша жан-жақты тексеріс жүріп жатыр.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345 бабы, 3 бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сотмедициналық сараптамалар тағайындалды.
Бұл іс бойынша екі жүк машинасының жүргізушілері жауапқа тартылуы ықтимал. Өйткені Күйік асуымен жүруге ауыр техникаларға тыйым салынған. Бұлар ереже бұзып, соңы қайғылы аяқталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!