Мәжілісмендер: Бұралқы иттерді қадағаламаған шенеуніктерді жауапқа тарту керек
Санын шұғыл азайтуды қажет ететін дәл қазір — қаңғыбас иттер. Бүгін мәжілісмендер бұралқы иттердің көшеде жайбарақат жүруін қадағаламаған шенеуніктерді жауапқа тартуды талап етті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.06.2022
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң бола тұра, оны жүзеге асыру, қаржы мәселесінің әлі шешілмегеніне депутат Сергей Симонов қынжылып отыр.
Сергей Симонов, Мәжіліс депутаты:
- Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енген кейінгі соңғы үш жарым айда бірнеше бала өліп, ауыр жарақат алды. Депутаттардың өңірлерге сапары кезінде тұрғындардан және жергілікті атқарушы органдардан иттер мәселесіне, қабылданған Заңды жүзеге асыру тетігінің жоқтығына қатысты шағымдар түсті. Біз Заң күшіне енбей тұрып дабыл қаға бастадық. Жүзеге асыру механизмдері мен тиісті қаржыландыру болмаған жағдайда проблемалардың туындайтыны бәріне белгілі.
Мәжілісмен қаңғыбас иттер мәселесіне байланысты экология, ауыл шаруашылығы министрліктеріне сауалдар жолдаған. Алайда мардымды жауап ала алмапты. Енді Симонов үкімет басшысынан үміт күтеді. Қазақстандықтар, оның ішінде балалардың өміріне қауіп төндіріп тұрған мәселе шұғыл шешілсе дейді.
Өйткені өткен аптада Ақтөбеде иттерге таланып, көз жұмған 12 жастағы баланың оқиғасы қайталанады деп қорқады. Мәжілісменнің ұсынысы бойынша, жануарларға қатысты заңды жүзеге асыру үшін құқықтық актілерді тезірек қабылдап, ондағы талаптарды орындау бойынша шаралар әзірлеу керек. Сондай-ақ бұралқы иттерді аулауға қаражат бөлу, ал оларға бас-көз болмаған шенеуніктер жауапқа тартылуы тиіс. Еске салайық, биыл наурыз айынан бастап Қазақстанда иесіз жүрген иттерді атуға, қинауға, мейірімсіздікпен аулауға тыйым салынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!