Қаңтар: Тоқаевқа ұшақ ұсынып, елден кетіп қалуға кеңес беріпті
Қаңтар оқиғасын ұйымдастырғандар қылмыстың ізін өте кәсіби тұрғыда жасырған. Әйтпесе талай былықтың беті ашылар еді. Ал сол кезде ұрланған қарудың жартысы шекара асуы мүмкін.
Автор: Елдос Есенбол
15.06.2022
Ресейлік телеарнаға берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін осылай деді. Оқиға басталған кезде мемлекет басшысына ұшақ ұсынып, елден кетіп қалуға кеңес бергендер де болыпты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар төңкерісті кәсіби түрде ұйымдастырған. Тіпті істі ашуға мүмкіндік беретін айғақ та қалдырмаған. Олардың бар ойы — билікті күшпен басып алу, президентті кетіру болды. Мен әу бастан: «Елорданы тастап кетпеймін» деп, өз ұстанымымды айттым. Оның үстіне тырнақша ішіндегі кейбір «жолдастар» маған ұшаққа немесе тікұшаққа отырып елден кетіп қалуды да ұсынды. Ондайды жоспарлаған да жоқпын.
Мемлекет басшысы елден заңсыз шығарылған миллиардтарға да тоқталған. Қаржыны елге қайтару бойынша қазір қарқынды жұмыстың жүріп жатыр. Арнайы комиссия да құрылған. Бірақ бұл процестің заңға сәйкес еңбек еткен, табыс тапқан үлкен компанияларға қатысы жоқ, оларға қорықпаса болады деді президент.
Конституция бойынша шетке кеткен қазына заңды иесіне қайтарылуға тиіс. Ол байлықтың— иесі халық дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал жер қойнауындағы қазынаны игеріп ел қазынасына қаржы құйып жатқан шетелдік инвесторлармен жұмыс ары қарай жалғасады. Тек кейбірімен жасалған келісімдерге түзету енгізу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Отыз жыл бұрын түсінік басқаша болды. Біз ірі шетелдік компаниялардың біздің экономикамызға келгеніне қуандық. Ол кезде өнімді бөлу туралы келісімдер өте қолайлы болып көрінді. Бірақ қазір де ойын ережесін өзгерту ақылсыз қонымсыз шешім болар еді. Себебі: елдің ұзақмерзімді мүддесі тұрғысынан қарау керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!