Сенаторлар: Ұлттық қордың ақшасы мақсатсыз, бейберекет жұмсалған
Ұлттық қордың ақшасы жиын-той мен түрмедегілердің тамағына да жұмсалыпты. Игерілмеген немесе мақсатсыз жұмсалған қаржы әлі де көп. Қордағы ақшаны бейберекет жұмсайтын шенеуніктерді бүгін сенаторлар тағы сынады.
Автор: Әзиза Төленби
16.06.2022
Сергей Карплюк, Сенат депутаты:
- Республикалық бюджеттің 36 пайызы Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен қалыптасады. Яғни 4 жарым триллион теңге. Оның көлемі жыл сайын өсіп барады. Мысалы, өткен жылы Ұлттық қордан берілетін ақшаның 56 пайызы заңнамалық шектеулерге келмейтін ісшараларға жұмсалған.
Бұлай жалғаса берсе, Ұлттық қордың түбі көрінетін күн алыс емес деп отыр сенаторлар. Үнемдеуді білмейтін Үкіметтің әрекетін Есеп комитетінің төрайымы бүгін де Жоғары палата депутаттары алдында жіпке тізді.
Наталья Годунованың, әсіресе қазына қаражатынан жоспарланатын инвестициялық жобаларға күмәні көп. Мысалы, былтыр 1100-ден астам жаңа жоба басталған. Оларға толық ақша бөлінгенімен, түсініксіз себептермен 64-і аяқсыз қалыпты. Ал сан сауалға министрлердің жауабы дайын. Бұл жолы да ішкі-сыртқы қарыз, геосаяси жағдай, инфлияцияны алға тартты.
Наталья Годунова, ҚР Есеп комитетінің төрайымы:
- Біз аграрлық әлеуеті жоғары елміз. Бірақ бізде қайта өңдеуді дамытқаннан гөрі, шикізатты әкету әлдеқайда тиімді. Нәтижесінде өзіміз сатқан шикізатты, азықтүлік ретінде сатып аламыз. Халықтың әл-ауқаты инфляцияның жоғары өсіміне сәйкес келмейді. Бұл мәселені "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шешу керек еді. Алайда іс жүзінде қаражаттың жартысы ғана тамақ және жеңіл өнеркәсіпке бағытталған. Қалғаны қонақ үй, жеке мектептер салу, стоматология сияқты тіпті тұтыну тауарларына жатпайтын бағытта жұмсалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!