Министрлік кеншілер мен металлугтердің зейнет жасын төмендетуді қолдайды
Индустрия министрлігі кеншілер мен металлугтердің зейнет жасын төмендетуді қолдайды. Шенеуніктер салада жұмыс істеу ауыр әрі денсаулыққа келтірер зияны көп екенін біледі.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
16.06.2022
Соңғы сөз – еңбек министрлігінде. Бүгінде елімізде 230 мыңдай металлург түрлі кәсіпорында еңбек етіп жүр. Өкінішке қарай, соңғы кездері өндіріс орындарында өлім жиілеп кеткен.
Дегенмен Қазақстанның тау-кен өндірісінде ілгерілеу байқалады. Металл бағасы өскен. Соңғы екі жылда мыстың құны екі есе артқан, тоннасы 9 500 доллар. Бұл қарапайым жұмысшылардың табысын арттыруға бірден-бір себеп.
Индустрия министрлігі биыл олардың жалақысы 20-дан 40 пайызға көбейді деп отыр. Алайда кейінгі жылдары кенші, металлургтердің айлығы қалай болатыны түсініксіз. Өйткені үш жылдан кейін Жаңа экологиялық кодекс күшіне енеді. Заңға сәйкес, еліміздегі тау-кен компаниялар экологияға зиян келтірмейтін шараларды қолға алуы тиіс. Арнайы құрал-жабдық сатып алуға міндетті.
2025 жылы көміртек салығы он есе өседі. Компаниялардың осындай шығыны көбейген соң, жұмысшылардың табысын арттыру көлеңкеде қалуы ықтимал деп топшылайды сала мамандары.
Тұрар Жолмағамбетов, ҚР Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары:
- Таукен компаниялары 2025 жылға дейін қолданыстағы технологияны мүмкіндігінше енгізіп үлгеру керек. Себебі, 2025 жылдан бастап салық көлемі ұлғаяды. Яғни бұрынғыдай экологияны жөндегенше, айыппұл төлей салайын деген әңгіме жүрмейді. Бүгінгі күні кәсіпорындар өткен жылдан бастап, арнайы ақша бөліп, инвестициялық осы шараларды енгізіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!