Алматылықтар: Автотұрақты талан-таражға түсірмейміз
Автотұрақты талан-таражға түсірмейміз. Осылай деген 100-ден астам алматылық 200-ге жуық көлік сиятын арнаулы орынды сақтап қалу үшін наразыққа шықты.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
16.06.2022
Құрылыс компаниясы онсыз да халқы тығыз орналасқан Қазақфильм ықшамауданындағы автотұрақтың орнына көпқабатты үйді қабаттастырып тұрғызбақ болған. Ал 40 жылдан астам темір тұлпарын осы тұраққа қойып келген жұрт бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы.
Кешқұрым жиналған қарақұрым халық – Қазақфильм ықшамауданының тұрғындары. Олар екі ай бұрын осы маңайдағы жалғыз автотұрақ сүріліп, орнына тұрғын үй салынатынын естіген. Бұл шешімге түбегейлі қарсы болған тұрғындарға бүгін мәселенің нүктесі қойылатын күн. Келісімшарт бойынша көлік қоятын орынның есігі ертеңнен бастап тарс жабылмақ.
Айтолқын Естаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бір жарым ай бұрын бізге өтініш жазылды, бір айға деп. Сосын жарты айға тағы келісімшартымызды ұзартты. Бүгін бәріміз шығып кеткенбіз. Қазір қарап отырсаңыз, көлік аз. Өйткені бәрін шығарып жіберді. Мәселе – бұл жерде көлік қоятын жер жоқ.
40 жыл бұрын шағынауданының орталығында пайда болған автотұраққа қазір 20-ге жуық көлік сияды. Бүгінге дейін тұрғындар әр орынға айына 15 мың теңге төлеп келген. Енді арнаулы орын сүріліп, ішіндегі тізіліп тұрған көліктер үйлердің ауласына тұрақтайтын болса, көшедегі тар жолмен жүру тіптен мүмкін болмайды деп шыр-пыр. Тіпті қазірдің өзінде тар жолдың кесірінен бала-шаға да көліктің астына түсіп кете жаздайды екен.
Александр Войтенко, Алматы қаласының тұрғыны:
- Өздеріңіз де байқағандай, автотұрақ шағын ауданның орталығында орналасқан. Барлық көше кішкентай және жолдар тар. Жүру мүмкін емес. Бүрсігүні ғана осы көшеде кішкентай баланы қағып кетті. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Кейбір көршілеріміз автотұрақ жабылады деген соң үйлерін де сатылымға қойып жатыр. Енді көлік тұрағы болмаса, мұнда тұру мүмкін емес.
Ардақ Мендібаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мына жерде аула бар. Ауланың ішінде балалар жүгіреді. Қазір көлік көбейіп жатыр. Біз оған қарсымыз. Осы жердегі тұрақ кәдімгідей автотұрақ болып қалсын. Ел арасындағы біздің сұрауымыз да, біздің мақсатымыз да сол.
Жергілікті жұрттың жан-айқайына демде атқамінерлер де келе қалды. Олар құрылыс компаниясына автотұрақтың орнына 3 қабатты үй салу жобасын әзірлеуге рұқсатты берген. Ал, компания тұрғындар жаппай қарсы болғасын, құрылысты бастамайтын болыпты -мыс.
Еркебұлан Сембаев, Алматы қаласы жоспарлау және урбанистика басқармасы бастығының орынбасары:
- Жер телімінің нысаны көпқабатты тұрғын үй салуға негізделген. Ол кісі қазір құрылыс жұмыстарына әлі рұқсат алған жоқ. Бірақ алдын ала жобалау жұмыстарының қағаздарын алған болатын. Қазір ол қағаздарды «исходный материал» деп айтамыз, соның бәріне жобалау тоқтатылады. Құрылыс компаниясының өзі халықтың наразылығын тыңдай отырып, сондай шешім қабылдады. Енді салынбайтын болды.
Ал құрылыс компаниясының өкілі осы жер учаскесіне қатысты жұмысты уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған. Енді осы жердің иесі орынды жалға алып отырған жұртпен келісімшарттарды қайта жасасып, тұрғындар көлігін автотұраққа қоя береді. Алайда шенділер мен құрылыс компаниясының жауабы жұрт көңілінен шықпай отыр. Жергілікті қараша бұл жердің нысаналы мақсаты құжат бойынша автотұрақ деп бекітілгенін қалайды. Өйткені көптің көзіне түскен жер әлдекімге сатылып, тұрақтың орнына үй тұрғызылып кете ме деп қорқады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!