Есіл өзеніне тағы екі бала суға кетті – Ақмола облысы
Ақмола облысында Есіл өзеніне тағы екі бала батып кетті. 6, 8 және 9 жастағы үш бала суға түсуге барған. Алайда ағысы қатты асау өзен балақайлардың денесін 300 метрге дейін ағызып әкеткен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
16.06.2022
Кешқұрым шомылуға кеткен балаларды ешкім байқамаған. Екі досының өзенге ағып кеткенін 8 жастағы бала байқап қалыпты. Ол айғайлап көмек сұраған. Сол маңда жүрген ересектер жүгіріп келгенімен, балаларды құтқара алмады. Өзеннің бұл тұсына шомылуға тыйым салынған. Су асты жарлы, ағысы қатты. Жұрт балық аулағанымен, суына ешқашан түспейді екен. 6 және 9 жастағы балалардың денесін сүңгуірлер әзер тауып алып шығарды.
Қайрат Қасым, Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Өкінішке қарай, тағы екі бала суға кетті. Өзеннің бұл тұсы қамысты, ағысы қатты. Сүңгуірлер балалардың денесін 300 метр жерден тапты. Атааналарының қарауынсыз қалуы осындай бақытсыздыққа әкеліп отыр. Оның үстіне су жылынған жоқ. Су температурасы 18 градустан жоғары болуға тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!