{metadescription}
Алматы облысы: Қайнарлықтар судан тарығып отыр
Алматы облысы: Қайнарлықтар судан тарығып отыр

Алматы облысы: Қайнарлықтар судан тарығып отыр

Әкімнің барынан жоғы артық! Алматы облысында ауыз судан тарыққан Қайнар ауылының тұрғындары жергілікті биліктің бейқамдығына наразы. Өйткені әкімдіктегілер тұрғындарды тұқыртқан түйткілді шешуге құлықсыз.

Күннің ыстығында аңқасы кепкен жұрт жаңа су құбырына салып беруді сұрайды. Жарты ғасыр бұрын қазылған жерасты су қайнары тұтас елдімекенді сумен қамтуға мүмкіндігі жетпейді. Ауыз судың зардабын тартқан тұрғындардың талабы қандай?

Таң алакеуімде тұрып, бар ыдысты суға толтыру Болат Сауранбаеваның күнделікті ісі. Себебі: су тек таңертең ғана тамшылап ағады. Бұл отбасы апта басынан бері сыздықтап ағатын осы суға да зар болып отыр.

Болат Сауранбаева, Қайнар ауылының тұрғыны:

- Осылай құйып аламыз. Ваннаның ішінде тағы да баклашкалар бар. Мынау жуынуға далаға ысытып қоямыз. Елдің бәрі таңғы бес, төрттен су тасиды. Жаңбыр жаумағанға үш күн болды. Үш күн су жоқ.

Қайнар ауылының тұрғындары амалдың жоқтығынан қара суды үнемдеп ішуге үйренген. Сабыры сарқылған жұрт жаз басталса, ауыз судың зардабын тартамыз деп мұңын шақты. Ал жергілікті билік жұртты тұқыртқан түйткілдің түйінін тарқатуға құлықсыз.

Айнұр Омарова, Қайнар ауылының тұрғыны:

- Менің үйімде бір қасық су жоқ. Мына ауылдан тасып алып кетемін. Бес балам бар. Кішкентай нәрестем бар. Жаялық жуамын. Шомылдырамын. Тамағым бар. Бақша еге алмаймын, су жоқ. Әкімді үнемі шақырамыз. Орынбасарын жібереді. Мәселемізді айтамыз. Барлығы айтқан жерде қалады.

Елдімекен халқы тіршілік нәрін жарты ғасыр бұрын қазылған жерасты су қайнарынан алады. Бірақ бүкіл ауылды қамтуға жалғыз бұлақ аз. Бұқараның бас ауруына айналған ауыз су мәселесі қашан шешілетінін ауыл әкімі айтуға жарамады. Өйткені шенеунік ақсақалдар кеңесін жиналысқа тасудан қолы босамай жүр екен. Ал әкімдіктен шыққан бас маман «барлығы жасалады» деген жаттанды жауабын айтты. 

Нариман Адамбеков, Қайнар ауыл округі ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Нақты қашан екенін айта алмаймын. ПСД әлі дайын емес. Құжаттар қазір дайындық үстінде. Дайын болғаннан кейін ақша бөлінеді. Оны тендерге шығарып, ақшасы бөлінгеннен кейін ұтып алған компания жұмыс атқарады.

Судың қорлығы өткен қайнарлықтар: «Қазынадан қаржы бөлінгенше, қаталап отырамыз ба?» деп қапалы. Тұрғындар ауылды ауданның су құбырына қосып беріңдер деген талабын облыс әкіміне жеткізбек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде