Тоқаев: Жауапкершіліктен жұрдай блогерлер бүгінгі күннің батырына айналды
Қазақстан елінің атауы өзгермейді. Ұлт ұясы Ұлытаудағы бүгінгі құрылтайда мемлекет басшысы референдум кезінде мемлекет атауын ауыстыру керек еді дегендерге жауап қатты. Жалпы конституциядағы өзгерістерді жүзеге асыру бірер күннің шаруасы емес.
Автор: Елдос Есенбол
16.06.2022
Заң үстемдік құратын демократиялы қоғам құруға азаматтардың барлығы араласуы қажет деді президент. Осы жиында әлеуметтік желіде істің байыбына бармай байбалам салып, елді дүрліктіретін белсенділерге тағы ескерту жасалды. Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда тағы не айтылды?
25 қазан – енді елдің басты мемлекеттік мерекесі. Бүгін Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға маңызды саяси датаға статусын қайтаруды ұсынды. Себебі, дәл осы күні ел егемендігі туралы декларация қабылданған еді.
Ал тәуелсіздік мерекесі енді азаттық алуға үлес қосқан батырлар рухына тағзым ету күні болмақ. Бұл ұлттың ұясы аталған Ұлытаудағы алқалы жиында айтылған көп дүниенің бірі ғана. Алдымен мемлекет басшысы әлқиссасын елдің атауынан бастады. Кешегі референдум кезінде Жаңа Қазақстанның жаңа атауы болу керек еді дегендерге жауап берді. «Дәл қазіргі сәтте бұл қисынсыз өтініш», - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз, Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе.
Ал шекарасы шегенделген Қазақстанның басты байлығы – халық. Оның қозғаушы күші – бірлік. Яғни демократиялы, азаматтық қоғам құру. Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары бұл бағытта атқарылған жұмыстарды саралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Митингілер туралы демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз.
Президентің ел бірлігі туралы бұлай баса айтуы тегін емес. Өйткені соңғы уақытта әлемжеліде мәселенің байыбына бармай жатып тон пішіп, бүлік шығаратындар көбейген. «Өкінішке қарай, олар бүгінгінің батыры болды», - дейді президент. Мұндай жандардың кесапаты көпшілікке тиуі әбден мүмкін. Өйткені биліктегілер де шу шығарғыштардың айтқанын орындауға әзір.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масыл пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді.
Сондықтан келешек ұрпақ та, тура би де туған жоқ дегенді ұғынса дейді президент. Ол үшін сот жүйесіне әділ әрі білімді жастарды тарту керек. Өйткені елде 300-ге жуық судья жетіспейді.
Ал күні кеше ғана референдумнан кейін жаңарған Конституция қолданысқа ене қойған жоқ. Өйткені мұндай саяси реформаға ұзақ уақыт керек. «Бірақ бұл арқаны кеңге салып жүре беру керек деген сөз емес», - деді президент. Өйткені ел қызыл сөзді емес, нақты әрекетті күтеді. Сол себепті басты заңдар жыл соңына дейін қабылдануға тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!