The Finiko! Ірі қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен үш адам қамауға алынды
Елімізде ірі қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен тағы үш адам қамауға алынды. The Finiko деп аталатын күмәнді ұйым 300-ден астам салымшыны сан соқтырып кеткен.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
17.06.2022
Алаяқтардың арбауына түскендердің саны әлі де артуы мүмкін. Биржа мен саудаға инвестиция құямыз деп опық жеген жұрт осы компанияға жалпы соммасы 2 млн долларға жуық ақшасын санап беріпті.
Қазір аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, қаржы пирамидасына қатысы бар өзге де тұлғалар анықталуда.
Биржа арқылы ақшасын еселеп аламын деген Бағдан Шалқаров The Finiko компаниясына 48 мың доллар санап беріпті. Жігіт ағасы қаржы пирамидасының құрығына іліккенін тым кеш түсініпті. Енді ол құйған қыруар қаржысын қайтара алмай сергелдеңге түскен.
Бағдан Шалқаров, Шымкент қаласының тұрғыны:
- ST1, ST2 кэшбектен жалпы сомасы 48 мың доллар болды. Мен тағы өсе берсін деп ойладым. Өскен соң, балаларыма пәтер, көлік алып беремін деген ой болды. 2021 жылы жаздың ортасында тоқтап қалды. Істегендер істеп қалды. Жақсы істеп қалды. Басындағылар. Бірақ кейінгілердің барлығы күйіп қалды. Мен полицияға жаздым.
Бағдан сынды қаржысын “инвестициялаймыз” деп сан соғып қалған салымшылардың саны республика бойынша 300-ден асып жығылды. Күмәнді компанияның ертегісіне сеніп опық жеген жұрт қазір полицияға жаппай шағымдануда. Олар жалпы сомасы 2 млн долларға жуық ақша құйған. Ал The Finiko қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен үш адамның қолына кісен салынды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі:
- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қорытындысына сәйкес, The Finiko симулятор болып табылады және қатысушылар бұл бағдарламаны сауда мен инвестициялаудың нақты алаңы деп есептеп ақша салады, ал компанияның өзі дүниежүзілік қор биржаларының бір де бірінде тіркелмеген. Қылмыстық іс бойынша үш адам қамауға алынып, қаржы пирамидасының заңсыз қызметіне қатысты басқа тұлғалар анықталуда.
Жарнамасы жер жарған ресейлік компания Қазақстанда бір жыл бойы емін-еркін жұмыс істеген. Еліміздің түкпір-түкпірінен кеңсе ашқан ұйымның өкілдері сауда-саттық, биржа арқылы құйған ақшаның үстінен 25 пайыз пайда көресіңдер деп адамдарды жаппай тартқан. Дегенмен құзырлы орган қаржы пирамидасының жолын кесті.
The Finiko компаиясынан зардап шеккен адамдар Қаржы мониторингі агенттігінің сенім телефонына хабарласа алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!