Шымкентте бюджеттің миллиондарына салынған саябақ қурап қалды
Шымкентте былтыр ғана бюджеттің миллиондарына салынған саябақ қурап қалды. Мыңдаған түп қымбат көшеттер отырғызылғанымен былтырдан бері бір тамшы су көрмей солып жатыр.
Автор: Бек Әбиев
17.06.2022
Орманшы деп аталатын алқаптың ортасында 30 жыл тұрған қоқыс полигонына бюджеттен 350 миллион теңге бөлініп, жасыл желек отырғызылған.
Тіпті шенеуніктер су бұрқақтар салынып, тұрғындардың демалыс орны болады деп уәде берген еді. Алайда ағаштары қуарып, саябақ бір жылда тозып кеткен. Ал әкімдік өкілдері су жүйесін қалпына келтіріп, шіріген ағаштардың орнына басқасын отырғызамыз дейді.
Орманшы алабындағы саябақ былтыр қараша айында ғана ашылған. Бұған дейін бұл жер қоқыс полигоны болған. Тұрғындар бес жыл шулап жүріп, 25 жыл тұрған қоқысхана орнына саябақ салдырған. Оған бюджеттен 350 миллион теңгеден астам ақша бөлінген. Құжат бойынша Алатау деп аталатын бұл бақ гүлмен көмкеріліп, су бұрқақтар атқылап жатуы тиіс еді. Бірақ іс жүзінде көшеттер қурап қалған.
Әнипа Төртбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Можевельник деген 782 түбі отырғызылды, ақ қайың 108 түбі, сәлбина 293 түп, альбиса деген 562 түп, писарда деген 474 түп, уксусный деген 50 түп, осының бәрі гүлдейтін қымбат ағаштар. Ал енді сонша еңбек істелініп, осынша ағаш егілгеннен кейін бірдебір су берілген жоқ. Өңген ағаштың бәрі өлді. Осыған біз халық болып жүрегіміз ауырып, өзі көмек сұрап, сіздерді шақырып отырмыз. Табиғатқа жасалынып отқан қастандық бұл.
Тұрғындардың айтуынша, жобаны көрсеткен шенеуніктер бұл саябақта бетон арықтар, су бұрқақтар мен балаларға арналған 11 ойын алаңшасы болады деген.
Былтыр саябақ ашылғаннан кейін мұнда арнайы келген қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарға көп уәде берген екен. Соның бірі саябаққа жапсарлас тұрған биіктегі үйлер мен саябақ арасындағы жартасқа тор орнатып беретін болған. Өйткені әр жаңбыр жауған сайын жартастың қабырғасы құлап баспаналарға қауіп төндіреді екен. Бірақ айтылған уәде сол күйі сөз жүзінде қалған.
Сөзінде тұрмаған шенеуніктердің кінәсін тізбектеп жатқан кезде тұрғындар үшін тосын сый болды. Яғни тоғыз айдан бері істемей тұрған су жүйесінен су атқылай бастады.
Анар Жұмағұлова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Фонтан үш жерге еді, ол екі жерге қойылатын болды да орнын қалдырды, фонтан да жоқ. Су келді, әне, біз айқай болған кезде су келіп жатыр. Көрдіңіздер ме? Суды қосып жатыр. Күзден бері су келмеген бұл жаққа.
Судың артынша шенеуніктер де жетті. Айтуларынша, су жүйесі әу баста дұрыс жүргізілмеген екен. Оның үстіне ақау шығып, қосалқы бөлшектерді шетелден күтіп жатырмыз дейді. Бірақ нақты қашан жөнделетінін айта алмай әбден састы.
Дархан Тұрғанбай, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- Қосалқы бөлшек, сонысы Ресейден алынады. Ресей мен Украина арасындағы оқиғаны білесіздер, содан жаңағы бөлшектерді жеткіз шамалы кешігіп жатыр. Суғару жүйесінің кеткен жерлері бар, бұзылған жерлері бар, оларды жасау жақын арада деп отырмыз. 23 апта деп отырмыз. 1-2 ай дегеніміз, ол газонымыз бар, ағашымыз бар, соларды қалпына келтіру. Ал су жүйесін қалыпқа келтіру ге жақын арада.
Шенеуніктер алғашында уәде етілген фонтан, бетон суағар мен қосымша балалар ойнайтын алаңның жоқтығын ақшаның үнемделгенімен түсіндіреді. Ал қураған ағаштарды алып тастап, орнына күзде жаңасын еге саламыз деп отыр. Бірақ атқамінерлердің бұл жауабына қанағаттанбаған жұрт құзырлы орындарға шағымданбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!