{metadescription}
Мәжілісмендер Су министрлігін құру туралы ұсыныс айтты
Мәжілісмендер Су министрлігін құру туралы ұсыныс айтты

Мәжілісмендер Су министрлігін құру туралы ұсыныс айтты

Елімізде тағы бір жаңа министрлік пайда болуы мүмкін. Мәжілісмендер бүгін Су министрлігін құру туралы ұсыныс айтты. Әйтпесе, су саласындағы өзекті проблемалар күннен-күнге өршіп барады. Трансшекаралық өзендердің мәселесі әлі шешілмеген.

Депутаттардың сөзіне сенсек, Қазақстан көршілерімен 7 жылдан бері өзен бойынша келісімге келе алмай отыр. Ауыл-аймақ та ауызсумен толық қамтылған жоқ. Үкімет былтыр қабылданған сумен қамтудың ұлттық жобасына бөлінген 498 миллиард теңгеге сеніп отыр. Ал дабыл қағарлық мәселе – 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы болуы мүмкін.

Мәжілісмендер отырыс алдында әңгімесін айтып, шүйіркелесіп жатқанда, үкімет мүшелері жұмысын бастап кетті. Әсіресе, қайта-қайта қағазына қарап, баяндамасын қалың депутаттың алдына таныстыруға келген экология министрінің бүгін қабағы қатулы. Серікқали Бірекешев су тапшылығының ауылы алыс емес деп отыр.

Серікқали Бірекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Перспективада халық саны мен мал басының өсуі мен өндіріс ошағының көбеюін ескеріп, су тұтыну көлемі 29,7 текше километрге дейін ұлғаяды деп болжануда. Егер су пайдалану тиімділігі өспесе, онда 2040 жылға қарай елімізді сумен қамтамасыз ету жағдайы қайтымсыз нашарлауы мүмкін.

Біріккен ұлттар ұйымының дерегіне сәйкес, су тапшылығы тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы басқа 4 мемлекетте де байқалуы мүмкін. Егер еліміз жаңартылатын тұщы су ресурстарының төрттен бір бөлігін пайдаланатын болса, тіршілік нәрінің жетіспеушілігіне ұрынамыз. Сол үшін депутаттар Қазақстандағы су қорлары маңын рахаттана пайдаланып жатқан өндіріс ошақтарын басқа жерлерге ауыстыру керек деп есептейді. 

Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:

«Көкжиде» деген үлкен бізде су қоры бар. Соның айналасында мұнай компаниялары операция жүргізіп жатыр. Олар да біздің стратегиялық қорларымызды ластауды бастады. Міне үлкен су қоры бар, ауызсу әсіресе, су қоры бар жерлерде біз қазба байлықтарды игеруді тоқтатуымыз керек. Ертең олар қазып-қазып, бүлдіріп-бүлдіріп кетіп қалады. Халық қайдан су алады? Біз үнемдеу, суды есепке алудан басқа қорғау, сақтау, тазалау мәселесін бірінші орынға қоюымыз керек.

Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты деген 17 мың өзен бар. Ең үлкен дегендерінің қазір халі нашар. Ертіс, Іле, Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл аясы кішірейсе, Сырдарияның суын ішу тұрмақ, оған түсе де алмайсың. Себеп көп. Шешілер күні белгісіз. Шенеуніктерге жолай қалсаң, ақша сұрап, алақан жаяды. Депутаттар өзендердің су қорын молайту үшін жерасты суларының мониторингін жасау керек дейді. Деректер ескіріп кеткен.

Нұрлыбек Ожаев, Мәжіліс депутаты:

- 60-шы жылғы, кеңес дәуіріндегі құжаттармен арқа сүйеп жүрген тұстар бар. Бұған мемлекет тарапынан шын мәнінде өзектілігін, ескере отырып, қаражат бөліп, жерасты сулары дәл нақты, күні бүгінге дейінгі мониторингісін қолға түсіруіміз керек. Өзендердің бере алмаған қажеттілігін елге болсын, тұрғындарға болсын, шаруа қожалықтарына болсын, солар арқылы біздер, жергілікті әкімдіктер реттеп отыратын болады.

Қазақстанда кәріз суларын тазартатын кешендер де, құбыр желілері де әбден ескірген. Мыңдаған шақырымдық желілерді ауыстыру керек. Бұл жығылғанға жұдырық болып отыр. Өйткені, бір ауылға су әлі жетпей жатса, суы бар ауылдар тот басқан құбырлардан тіршілігін жасап жатыр. Елімізде 6 302 ауылды елдімекеннің 1500-дайында су жоқ. Кезең-кезеңімен жұмыс жасалмақ. Ал ауылдарды ауызсумен қамтуда Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстары ең төменгі деңгейде тұр.

Су саласындағы проблемалар мұнымен бітпейді. Трансшекаралық өзендердің де мәселесі күн тәртібінде. Қазақстанда 8 су бассейні бар десек, соның жетеуі шекараны кесіп өтеді. Біз тұтынатын судың 47-50 пайызы сырттан келеді. Президент те Үкіметке осы трансшекаралық сулардың мәселесін шешуді тапсырған. Үкімет қарап жатыр.

Ал мәжілісмендердің ұсынысы бойынша, су саласындағы мәселені реттейтін су министрлігі керек. Сонда өзбек, қырғыз сияқты елдер, тіпті Қытаймен 7 жылға дейін аяқталмай жүрген келісімдер шешіледі екен. Ұсыныс министрлер кабинетіне жолданады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.