Тергеудің жаңа деректері
Үтікпен 25 адам азапталған. Мұндай деректі бүгін Бас прокуратура жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейінгі тергеу кезінде полицейлерден жәбір көргендердің дені Алматы облысында. Тіпті адам төзгісіз қинау мен ұрып-соғуға шыдамаған екі адам өліп кеткен. Ал осы іс бойынша қамауға алынған 5 тәртіп сақшысының үшеуі кінәсін мойындапты.
Автор: Әзиза Төленби
20.06.2022
Серік Шалабаев, ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы:
- Қазіргі уақытта сегіз резонансты істерді арнайы прокурорлар тергеуде. Бұл істер бойынша 15 құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері күдікті ретінде танылды. Оның тоғызы қамауда. Алматы облыстық Ұлттық Қауіпсіздік комитеті департаментінің екі қызметкеріне қатысты тергеу амалдарын аяқтадық. Олар ұсталған адамды ұрыпсоғып, нәтижесінде оның өліміне әкеп соғуы бойынша күдіктелуде.
Дегенмен, жәбірленушілердің көпшілігі өздерін қинағандардың нақты атын атап, түсін түстей алмапты. Өйткені, тәртіп сақшылары арнайы бетперде киген. Қазір Қаңтар оқиғасына қатысы бар 514 күдікті қамауда отыр. 392 қылмыстық іс сотқа жетсе, 433 адам тергеу изоляторында. Ал бұрын да істі болған 46 адам түрлі мерзімге сотталған. Алматыдағы ойранды ұйымдастырушылардың бірі ретінде танылған "Дикий Арман" лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевтің ісі де тергеліп жатыр. "Дикий Арман" мен оның сыбайластары 24 адамды ұрып-соғып, қонақүйдің жертөлесінде қинап ұстағаны бұған дейін де айтылған. Қылмыстық топ мұнымен шектелмей, арнайы дайындалған бұзақыларға «Glock» және «Макаров» маркалы тапаншалар таратыпты. Тіпті оларды он-оннан топқа бөліп, арнайы тапсырмалар жүктеген.
Серік Шалабаев, ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы:
- Іштерінен «басшылары» тағайындалып, оларға бронежилеттер, бастарына арналған қорғаныс құралдары, атыс қаруы және 200 мың теңге ақша қаражаттары берілді. Қатардағы серіктестеріне суық қарулар мен денеге зиян келтіруге болатын басқа заттармен қарулану тапсырылды. Ерекше белгі ретінде барлық қатысушылардың сырт киімінің жеңіне ақ мата таққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!