Бюджетті бір жылға жоспарлауды ұсынды
Үш жылға бюджетті жоспарлап, кейін қайта-қайта түзеп үйренген Үкімет енді бір мүмкіндіктен қағылуы мүмкін. Бүгін Есеп комитетінің төрайымы бюджетті үшжылдық емес, бір жылға ғана жасап, жоспарлауды ұсынды. Бұл нарық өзгерісіне жылдам жауап қайтаруға мүмкіндік береді дейді Наталья Годунова.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
20.06.2022
Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы:
- Біздің бюджетті бір жылға жоспарлауға оралу мәселесін көтеретін кез келді. Бұл ретте шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, бизнес пен инвесторларға қабылданған міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қажет. Өйткені, әлемдегі экономикалық жағдай тұрақсыз, сол себепті бюджетті үш жылға егжейтегжей сапалы жоспарлау мүмкін емес. Бәріне белгілі, үш жылдық бюджет жай ғана ресми рәсім болып қалды.
Үкіметтің былтыр жұмсаған қыруар қаржысы парламентте сөз болды. Еліміздің бас аудиторы атқарушы биліктің жіберген қателіктерін жіпке тізсе, депутаттар министрлерді біраз сынады. Әсіресе, олар Ұлттық қордан алынған триллиондарға алаңдаулы. Өйткені, болашақтың несібесіне деп ашылған қордың шығысы кірісінен асып кетіпті. 2021 жылы Министрлер кабинеті қордан ең көп қаражат алған. Кепілдендірілген трансферт көлемі үш триллион теңгеге, ал нысаналы трансферт екі триллион теңгеге жуықтайды. Ақшаны жөн-жосықсыз жұмсап, қордан алынған қаражатты қайтармау бойынша Есеп комитеті заң бұзушылықтар анықтаған. Алайда, жыл сайын жағдай сол қаз-қалпында қайталанып келеді. Сондықтан, бүгін 12 депутат бюджет туралы есепті бекітуден бас тартты.
Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты:
- 2000 жылдан бері экономикалық бағдарламалар болды. Сол үшін бүгін кім жауап берді? Ешкім жауап берген жоқ. Қанша миллиард құмға сіңіп кетті. «Жаңа Қазақстан» деп отырмыз ғой. «Жаңа Қазақстанда» біз өзіміздің шынайы көзқарасымызды жасырмай айтуымыз керек. Бүгін 12 адам болса, ертең көбейтін шығар. Мәжілістің отырысында 12 емес, одан көп болған. Яғни, адамдардың ішінде нағыз шындықты өзімізденөзіміз ауруымызды жасырмауымыз керек. «Ауруын жасырған, арам өледі» дейді. Егер бізде кемшілік бар ма соны жөндейік. Одан да тығылып, дауыс бергеннің орнына.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!