100 миллиард теңгені халыққа таратып беру керек
Одан да 100 миллиард теңгені халыққа таратқан дұрыс еді. Мәжілісмен Аманжан Жамалов бүгін қыруар қаражаттың сауда желілеріне бөлінгеніне осылай өкініш білдірді. Үкімет оны кезінде тауар бағасын ұстап тұру үшін кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ретінде берген болатын. Бірақ бұдан бағаның түскенін көрген жоқпыз дейді депутат.
Автор: Әзиза Төленби
20.06.2022
Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:
- Үкімет бағаның өсуін тежеу үшін бөлшек сауда желілеріне жеңілдетілген несие береді. Оған биыл 81 миллиард теңге жұмсалды. Тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға тағы 16,8 миллиард бөлінді. Бәрін қосқанда шамамен 100 миллиард теңге. Бірақ бұдан нәтиже жоқ, бағалар көтерілді. Одан да бұл ақшаны тікелей халыққа таратсын. Онсыз да бізде кедейлердің саны бір миллионға жуық. Бағаның өсуі ең бірінші соларға тиеді.
Жамаловтың әсіресе Ұлттық банк жұмысына көңілі толмай отыр. Инфляцияны біраз мысалға келтірген депутат, парламенттің бүгінгі бірлескен отырысында "сыныққа сылтау іздегіш" жауаптыларды әбден сынады. Мәжілісменнің пікірінше, теңгенің жағдайы алаңдатарлық. Шетел ақшаларының бағамына байланған ұлттық валюта күн сайын доллар мен рубльге жалтақтап тұр. Азық-түлік, киетін киімді қосқанда инфляция халық тұтынатын 510 тауарға өз кесірін тигізіпті. Мысалы, 2021 жылдың наурыз айынан бері азық-түлік 15 пайызға қымбаттаған. Үкіметтің кешенді шаралар қабылдап жатыр дегені бос әурешілік дейді Аманжан Жамаловт. Теңге 2024 жылы тұрақтайды деген Ұлттық банк болжамына да ол сенген жоқ.
Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:
- Осыған дейін ештеңе істей алмаған Ұлттық Банк енді инфляцияны тежеу туралы не айта алады? Ал бұл уақытта Үкіметі не істеді? Ұлттық экономика министрлігі 67 іс-шара қабылдадық дейді. Оның көбі орындалды. Бірақ одан не пайда? Инфляция тек өсіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік қоры мен егіс алқаптарының көбейуі туралы есеп берді. Яғни инфляцияның азық-түлік импорты қайтадан өседі деген сөз. Сауда министрлігі бағаны реттеу туралы баяндайды. Бірақ ол расымен жұмыс істей ме?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!