Жанкүйерлер жаға жыртысты
Жаға жыртысқан жанкүйерлер. Футболдан ел біріншілігі аясында өткен Атырау-Ақтөбе клубтарының ойыны қып-қызыл төбелеспен басталды. Қол команданың жанкүйерлері бір-бірін соққыға жығып, төбелес соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Тіпті тәртіп сақшыларына да бағынбай, петарда жарып, елдің үрейін ұшырған. Қазір осы төбелеске қатысқан отыз шақты жанкүйер ұсталып, тергеу жүріп жатыр.
Автор: Жанат Молдашова
20.06.2022
Атыраулық футбол жанкүйерлері қос команда арасындағы ойын басталысымен алаңда жанжал шығарды. Тәртіп сақшыларына бағынбаған олар бірін бірі соққыға жықты. Ашулы топ айналада жүрген бала-шағаға да қарамай, тепкілескен. Тіпті, жарылғыш заттар лақтырып, елдің үрейін ұшырды. Бұл төбелес күшпен тоқтатылып, бұзақылықты бастаған отызға жуық адам қамауға алынған. Олардың екеуі жасөсіпірім болғандықтан босатылыпты. Ал жарылғыш заттарды жанкүйерлердің өздері әкелген.
Мейірім Ердәулет, Атырау облысы ПД ресми өкілі:
- Қақтығыс кезінде әлеуметтік желіде таралағандай ешқандай атыс қаруы қолданған жоқ. Заң бұзушылыққа жол берген отыз тұлға анықталып, Атырау қалалық полиция басқармасына жеткізілді. 28 тұлға әкімшілік қамақта болды. Екі тұлға кәмелет жасқа толмағандықтан қолхатпен босатылды. Жинақталған іс құжаттар сотқа жолданады.
Қос команда жанкүйерлерінің бір біріне не үшін жұдырық ала жүгіргені белгісіз. Десе де Атырау мен Ақтөбелік футбол жанашырларының бұрыннан араздығы бар дейді білетіндер. Ал ардагер жанкүйер Жалғас Күзембаев кімнің мықты екенін жұдырықпен емес жасыл алаңда дәлелдеу керек деген пікірде. Сөзінше дәл осындай жан-жал Атырау мен Ақтөбе командаларының ойынында жиі болады екен. Сондықтан ұйымдастырушылар мұны алдын-ала ескеруі тиіс еді дейді.
Жалғас Күзембаев, жанкүйер:
- Бұл тәртіпсіздік. Ойын алтыда басталды бес минуттан кейін ойын тоқтады. Жарылыс болды. 45 рет жарылды. Даусы қатты шықты. Болельщиктерді екіге бөліп отырғызады,. Бұл ұйымдастыруға байланысты. Кеше ешқандай ұйымдастыру жоқ. Полициялар жанжақта жүр. Бәрі шауып келді. Бұл өте қауіпті. Адам өлтіруі мүмкін. Пышақ салып ала ма, жанкүйерлердің сумкасын тексертіп кіргізу керек.
Топтасып төбелескен жанкүйерлердің әрекетіне қатысты Атырау футбол клубының өкілдері жақ ашпады. Себебі көрерменнің әрекетіне пікір білдіре алмаймыз деп отыр. Сондықтан қос команданың қандай жауапкершілікке тартылатыны Қазақстан футбол федерациясының құзыретінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!