{metadescription}
Домофон ақысын төлемеуге болады
Домофон ақысын төлемеуге болады

Домофон ақысын төлемеуге болады

Жұрт домофон деп атап кеткен қондырғының ақысы міндетті коммуналдық төлемге жатпайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұзақ жылдан бері дауға айналған мәселеге нүкте қойды. Жауапты ведомство құрылғыны орнатып оның қызметіне ай сайын ақы төлемеуді тұрғындар бірлесіп шешу керек деп отыр. Яғни, көпқабатты үйде тұратын жұрт домофон істен шыққан жағдайда ғана оны жөндеу үшін бір реттік төлем жасауға құқылы. Қазір домофонды күтіп-ұстау үшін ай сайын ақы төлеуге міндеттейтін мекемелермен күрес күшейген. Сонымен тұрғындар домофон ақысынан бас тарту үшін не істеу керек?

Қазір көпқабатты үйлердің барлығында домофон бар. Кодпен есікті ашатын құрылғының түріне қарай ақысы айына 200 теңгеден басталып 1000 теңгеге дейін жетеді. Алайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оның ақысы міндетті коммуналдық төлемге жатпайтынын жеткізді. Тұрғындар тек дала мен сыртты байланыстыратын құрылғы істен шыққан жағдайда ғана оны жөндеу үшін бір реттік төлем жасауға құқылы дейді жауапты ведомство.

Қызғалдақ Медетова, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй істері жөніндегі комитетінің басқарма басшысы:

- Домофонды міндет қылдырмау керек. Ол ортақ мүлік болғаннан кейін тұрғындар жиналып өздері шешетін шаруа. Олар әуелі жиналысқа осы сұрақты шығару керек. Ол сұрақты қозғайтын топ болу керек. Барлығы бірлесіп, қолдарын қойып бір шешімге келу керек. Заң бойынша бұл реттеліп қойған нәрсе. Жаңа заңнама. Жаңа құқықтық нормативтер қабылдап керек жоқ.

Алайда заңды белшесінен басып, қулығына құрық бойламайтын пысықайлар азаймай тұр. Мәселен, Ақтауда құрылғыны күтіп-ұстау қызметін тұрғындарға міндеттеген домофон орнататын компанияның әрекетін монополияға қарсы қызмет әшкере қылған. Тіпті, домофонды пәтер иелері кооперативінің балансына бермей, қалтасын қампайтқан мекемелер де анықталыпты.

Мөлдір Сариева, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Маңғыстау облыстық департаментінің бөлім басшысы:

- 2021 жылы монополияға қарсы органмен талдау жүргізілді. Талдау барысында домофон құрылғыларын құрушы мекемелерден бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Домофон құрылғысын олар қондырған. Бірақта жаңа домофонды күтіп ұстауға түбіртек келіп тұрған. Күтіпұстаудан бас тартқанда домофонды алып кететіндер де болған. Осындай заңбұзушылықтардың кесірінен тұрғындардан наразылықтар туындаған.

Ақтаудағы тұрғын үйлердің жұрты бірінен кейін бірі жиналыс өткізіп, домофонның күтіп-ұстау ақысынан бас тартып жатыр. Алматы тұрғыны Орынбасар Жексейітова қымбатшылық қыспаққа алғанда домофон ақысы да қалтаға салмақ түсіретінін жасырмайды. Зейнеткер кіреберіс есікке орнатылған электронды жүйенің бұзылғанын көрмепті. Сондықтан оны қолданғанымыз үшін ай сайын ақша төлеу ақылға қонымсыз дейді.

Орынбасар Жексеиітова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Осы үйде тұрғанымызға жиырма жыл болған шығар. Домофон бұзылғанын көрмеппін. Ай сайын төлегенше бұзылғанда бір шақыртық солай төлеген ыңғайлы бізге. Бүкіл үйдегі, бүкіл подьездегі барлығын келістіріп, қол жинауға дайынбыз.

Домофон орнататын мекемелер сұхбат беруге қарсы. Олар тұрғындар ақы төлемейтін болса шығынға батып, банкротқа ұшыраймыз ба деп қауіптенеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде