Жалақымыз жыртық жамауға да жетпейді
Жамбыл облысында электр мамандары бас көтерді. «Жамбыл электр желілері» серіктестігінің аудандардағы қызметкерлерінің жалақыға көңілдері толмай отыр. Сондықтан айлықты көтеруді талап етуде. Одан бөлек серіктестік мамандарды бейберекет жұмысқа салып, жұмсап, мүлде жағдай жасамайды деп айыптап отыр. Жұрттың уәжіне компания басшылығы қандай жауап қатты?
Автор: Руслан Әбдіхалық
20.06.2022
Жарық тарату мекемесінің бірнеше аудандағы мамандары бүгін Таразда бас қосты. Бәрі ерікеннен жүрген жоқ. Айтуларынша, қордаланған мәселе көп. Соның ең негізгісі жалақы жыры. Мардымсыз еңбек ақыға күнелткендер, оны көтеруді талап етеді.
Ескендір Әліпшеев, «Жамбыл аудандық электр желілері» мекемесінің қызметкері:
- Өздеріңіз қараңыз, айлық 85 мың. Электриктердікі 100-110 мыңға барады. Ал енді жоқшылықтан барлық электриктер калым жасаймыз деп аварияға түсіп,өздерін мүгедек қылып, болмаса өліп жатқандары содан. Айлықтың аздығынан. Содан көп жерде электрик, контралер, жүргізушілердің жетіспейтіні содан.
Наразы топ компания қызметкерлерді «құлша жұмсайды» дейді. Тіпті демалыс күндері де жұмысқа шығарып, тыным бермейтін көрінеді. Оның үстіне мүлдем жағдай жасалмаған деп отыр. Техниканың 50 пайызының тозығы жеткен, әрі бұрауыш, қысқыш сынды керек-жарақты да жұмысшылардың өздеріне алдырады екен. Жиналғандар бұл бассыздықтан әбден мезі болдық дейді.
Алмас Бекбаев, Шу аудандық электр желілері мекемесінің бақылаушысы:
- Техника жоқ. Бізді жаяу жібереді. Жаяу жүрмес үшін бензин құйып өзіміздің машинамен жүреміз. Осы жұмысқа кіргелі бері осылай болып жатыр. Бір жылдай болды.
Тіпті кей аудандарда қызметкерлерді қысқартып тастаған. Мамандар бұл ақылға қонымсыз шешім дейді.
Ерлан Шәріпбеков, «Мойынқұм аудандық электр желілері» мекемесінің қызметкері:
- 4 адам бүкіл ауданға қызмет көрсетуіміз керек. Ақсүйектен, Ұланбелге дейін. Арасы жоқ дегенде 400 км болады ғой. 400 км біз аралауымыз керек. Олай мүмкін емес.
Жамбыл электр желілері мекеме басшылығы мәселелердің барын жоққа шығара алмады. Бірақ оларды шешу үшін қомақты қаражат керек деді. Сондай-ақ жалақыны да бүгін-ертең көтере алмаймыз деп кесіп айтты.
Бауыржан Көрпебаев, «ЖЭС» ЖШС бас директорының орынбасары:
- ЖЭЖ Табиғи монополялар субьектісі болып табылады. Біздің әр іс қимылымыз, жұмысымыз барлығы мына табиғи монополяларды реттеу департаментімен қадағалынады. Біздің тарифымызды сол кісілер мемлекеттік орган бекітеді. Олардың бұйрығынсыз еш қимыл істей алмаймыз.
Осылайша жиналғандардың салы суға кетіп тарқасты. Наразы топтың сөзінше, қуат тарату компаниясын мемлекет қарамағына алу тиіс. Тек сонда ғана жағдайымыз оңалады дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!