Дала өртіне адами фактор себеп болуы мүмкін
Елорда аумағындағы алапат өртке адамның әрекеті себеп болуы мүмкін. Қалалық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары осындай болжам жасап отыр. Осы өрт салдарынан Үлкен Талдыкөл көлінің аумағындағы қамысты аймақ түгел күлге айналған. Қызыл жалынды толық сөндіру үшін құтқарушыларға бір тәулікке жуық уақыт кетті. Тіпті батпақты аумаққа жете алмай, тікұшақ көмегіне жүгінген.
Автор: Елдос Есенбол
21.06.2022
Бұл құтқарушылардың жиырма сағаттан астам еткен еңбегінің көрінісі. Қызыл жалын басылып тек түтіні бықсып жатыр. Тағы тұтанып, өртке ұласпасын деп төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үлкен сапалақпен де ұрғылап әбден өшіруге қарекет қылуда. Адам күші жетпегеннен кейін тіпті тікұшақ арқылы әуеден су себеулге мәжбүр болыпты.
Өрт шамамен кеше түскі сағат үштердің шамасында басталған. Үлкен Талдыкөл аумағындағы қамысты аймақтың жанып жатқаны туралы хабар түскенде құтқарушылар лезде жетіпті. Бастапқыда бір гектарға жетпеген шағын өрт қатты желдің кесірінен ырық бермей 6 жарым гектарға дейін жайылып үлгерген. Оның үстіне батпақты жер болғаннан соң да құтқарушыларды біраз әбігерге салыпты.
Назаралы Селимов, Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД бөлім басшысы:
- Нұр-Сұлтан қаласынынан барлығы 22 техника 122 қызметкер жұмылдырылды. 21 маусым күні таңертең 8 сағат 09 минутта Нұр-Сұлтан қаласының әуежайынын М8 үш тонналық су түсіру құрылғысы бар тікұшақ жұмылдырылды осы өртке таңертеңнен бастап. Теңертең 12 рет су түсірілді. Барлығы 30 тоннадай су түсірілді тікұшақпен.
Қызыл жалынды тек өшіріп қана қоймай, оның жасыл белдеуге таралмауын да ойластырған. Ол үшін үш трактордың көмегімен дереу жер жыртуға да кіріскен. Өрттен қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ. Ал, Үлкен Талдыкөлді мекен еткен қанша құстың зардап шеккені әзірге белгісіз. Тек, өрт болған аймаққа жақын үйдің тұрғындары ыстың иісінен тыныс тарылғанын айтып шағымданды.
- Біз кеше келдік содан бастап жанып жатыр. Өрттің иісі үйдің ішіне кірмегенмен сыртқа аулаға шыққанда балалар ойнауға шыққанда келеді түтіннің иісі. Жағымысыз иіс.
- Кеше иіс қатты болған. Қазір аздап басылды. Шыдауға болады енді. Оның үстіне қазір сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан сияқты ғой. Жалпы өзім өртті көрмедім. Тек түтінін ғана байқадым.
Құтқарушылар өрттің табиғи фактордан бола қоюы екіталай деп отыр. Өйткені күннің қызуы әзір қатты емес. Сондықтан 6 жарым гектарды шарпыған қызыл жалынға адамның әрекеті себеп болуы әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!