Кәрім Мәсімовтың соты күзде өтуі мүмкін
Кәрім Мәсімов орынбасарларымен бірге Қаңтар оқиғасы кезінде жұмыс орнында болған. Бүгін Мәжіліс кулуарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазіргі орынбасары осылай деді. Асқар Әмірхановтың айтуынша, темірторға тоғытылған экс-бастығы мен әріптестерінің сотына қатысты ақпарат күзге қарай белгілі болуы мүмкін.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
22.06.2022
Асқар Әмірханов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
- Күзге қарай қандай да бір ақпарат болады. Бұл іс «өте құпия» белгісімен тергеліп жатыр. Сондықтан басқа ешнәрсе айта алмаймын. Ал соттың ашық не жабық өтетін сот органдары анықтайды. Алайда, мемлекеттік құпия бар екенін ескеруіміз керек.
Кәрім Мәсімовтің қамаудағы мерзімі тағы бір айға, яғни 6-шы шілдеге дейін ұзартылғанын еске салайық. Сондай-ақ, экс-шендімен бірге тұтқындалған оның орынбасарлары Дәулет Ерғожин мен Әнуар Садықұлов та 13-ші шілдеге дейін қамауда отырады. Күдіктілерге «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алуға және қызметін асыра пайдалануға әрекет жасады» деген айып тағылған. Үшеуінің де қылмыстық ісі «өте құпия» белгісімен тергеліп жатыр. Егер Кәрім Мәсімовке тағылған айып расталса, 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрт аймақтағы департамент басшылары жауапқа тартылған. Олар Қызылорда, Алматы облыстары және Алматы қаласының департамент басшылары және бесінші департаменттің бұрынғы бастығы. Мәсімовтың тағы бір орынбасары - Самат Әбіш те тергеушілердің сұрағына жауап беріп жүр. Бірақ нақты қай статуста екенін Ұлттық қаіпсіздік комитетіндегілер айтқан жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!