Елордалықтар ақылы автотұраққа қарсы
Елордада ақылы автотұрақтар көбейіп жатыр. Әкімдік жыл соңына дейін орын санын 10 мыңға жеткізбекші. Осылайша қаладағы көлік қозғалысын реттеуді жоспарлап отыр. Тек оған тұрғындардың көпшілігі қарсы. Үй алдындағы тұраққа ешқайсының ақша төлегісі жоқ. Бірақ жәй ғана қарсылықпен мәселе шешілмейтін сыңайлы. Өйткені, ақша төлемегендер шетіннен айыппұл арқалауда.
Автор: Әзиза Төленби
22.06.2022
Көк жолақ түскелі елордалық көлік жүргізушілерінде көңіл-күй жоқ. Оң жағалау тұрғындары күндіз көлігін қайда қоярын білмейді. Үй алдындағы тұрақ аяқасты ақылы болып кетсе де, артық ақша беруге ешкімнің құлқы жоқ. Сағаты - 100 теңге. Оны төлегісі келмеген, немесе ұмытқандары шетінен айыппұл арқалап жатыр.
Шәкір Мыңбаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Үйге түскі ас ішуге келгем. Өзімнің жеке көлігіммен келдім. Осы тұрғынүйде тұрамын. 15 минут қана тамақтандым. Сүйтсем үш күннен кейін айыппұл келіп тұр. Тоғыз мың теңге. Әу баста мына паркоматқа төлегім келген, ол істемейді ғой. Енді өзім осы жерде тұрсам, неге төлеуім керек, түсінбеймін.
Шәкір сияқты пұшайман болып жүргендер көп. Тұрақтар қазір таңертеңгі 10-нан кешкі 20:00-ге дейін ғана ақылы. Түнгі уақыт пен демалыс күндері ғана тегін. Елордада ақылы тұрақтар осыған дейін тек сауда орталықтары мен демалыс саябақтарына қойылған болатын.
Әнуар Сайтуғанов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Иманованың бойында өзім жұмыс істеймін негізі. Бірақ қазір платный парковка болғаннан кейін, дворларға қоюға тырысамыз. Шлагбаун жоқ жерге. Былай қарасаң, шынымды айтсам қанша төлеу керектігін білмеймін де. Кейбір адамдардың қалтасы көтереді, кейбірінікі көтермейді.
Атышулы көк жолақтардың авторы - «Астана көлік тұрағы кеңістігі». Мекеменің өз назы бар. Кей жүргізушілер бос орынға көлігін бірнеше сағат емес, апталап қойып кетеді екен. Ол төтенше жағдайда немесе қардан тазартатын шақта кедергі келтіреді-мыс. Мекемедегілер осылайша жауапсыз көлік иелерін тәртіпке шақырмақ. Әрі астанадағы көлік кептелісін азайтамыз деген сенімде.
Шыңғыс Досыбаев, «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры:
- Автотұрақ маңындағы үйлердің тұрғындары үшін айына 1500 теңге тұратын резиденттік абонемент жұмыс істейді. Ал жұмыс істейтін жеріңіздегі орынды 9000 теңгеге сатып алсаңыз болады. Қаладағы барлық ақылы тұраққа көлігіңізді беймарал қойып жүргіңіз келсе айына 15 мың теңге төлейтін абонемент бар. Мысалы сіз курьер болып жұмыс істесеңіз өте қолайлы.
Нұр-Сұлтандық бір миллионнан астам тұрғынның жартысында көлік бар. Сол темір тұлпар тізгіндеген тұрғындардің көбі тұраққа тиын төлеуге қарсы. Олар ақша үкіметке емес, жеке бизнестің қалтасын толтырады деген пікірде. Олай дейтін жөні бар. Өйткені, Алматыда да тура осындай жүйе бар. Тек мұнда "А-Пракинг" басшылы жылдар бойы жүргізушілерден жинаған миллиардтарды қалтаға басып, дәл қазір істі болып жатыр. Ал компанияның өзі үлкен шудан соң, әкімдік меншігіне енді өтті.
Батыс елдерінде ақылы тұрақтан жиналған сомма қоғамдық көлікті жаңартуға, жөндеуге, сатып алуға жұмсалады. Ал елордада ақылы тұрақтар 2018 жылдан бері қойыла бастаған. Алайда әкімдік биыл тұрақтардың көбеюіне байланысты енді 25 пайызын аламыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!