«Подсолнух» фильмі көрермендерге жол тартты
Мектепте де, отбасында да буллингке тап болған жасөспірім жайлы фильм жарыққа шықпақ. «Подсолнух» атты отандық картина әлемдік кинофестивальдерде 50-ге жуық жүлдемен марапатталған . Ата-анасының айқайы мен қатарластарының қысымын көрген баланың тағдыры суреттелген фильм шынайы өмірден алынған. Драмаға толы картинаны күні ертеңнен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалай аласыз.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
22.06.2022
Фильмнің жабық көрсетіліміне ағылған жұрттың көптігі соншалық кинотеатрда ине шаншар орын жоқ. Көрермендер баспалдаққа жайғасса да, әлемдік кинобайқауда жоғары баға берілген отандық киношедеврді көруге асық. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі кеңінен тарқатылған картина 27 халықаралық кинофестивальден 47 жүлдемен оралған.
Еркебұлан Даиров, актер:
- Қазір осы қоғамда болып жатқан, жұмыс басты отбасын бағып жүрген жігіттердің басындағы болып жатқан дүние. Әке мен бала арасындағы жалғаудың үзіліп қалуы, негізгі табиғи құндылықтар бала тәрбиесі жөніндегі. Осы мәселелер көтеріледі. Уақыттың, осы замандағы болып жатқан өзгерістің, технологияның құрбаны болып жатқан бірақ нәрсе. Ол – адамзат.
ЗКТ: Бұл фильмнің өзге туындылардан ерекшелендіріп тұратын тұсы да осы. Қазіргі қоғамның шын бейнесі көрсетілген картинада мектепті меңдеп бара жатқан әлімжеттік пен отбасындағы ұрыс-керістің кесірінен өмірден баз кешкен жасөспірім туралы айтылмақ. Білім ордасында да, үйінде де шеттетілген Әмір жан тыныштығын тек компьютерлік ойындардан ғана табады.
Рашид Мусин, актер:
- Фильмда компьютерлік ойындарға тәуелді баланың өмірі көрсетілген. Сол виртуалды әлемнен шыға алмай, айналасында болып жатқан дүниелерге назар аудармайды. Әкешешесі, отбасы жайына қалады. Бұл мәселенің өзектілігін осы фильмнен байқаймыз.
Фильмнің сюжет желісі шынайы өмірден алынған. Түсірілім Алматы және күнбағыс алқабы көп Шығыс Қазақстан облысында өткен.
Эля Гильман, режиссер:
- Бұл картина әлемнің барлық елінде, халықаралық кинофестивальде көрсетілді. Көрермендер жоғары бағалады. Өйткені, жасөспірім проблемасы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар. Түсірілім тобы да өте ерекше болды. Өзіміздің отандық актерлерден бөлек, ананың рөлінде серб актрисасы Слобода Мичалович және эстон актері Кирилл Кяро болды.
Мектепте де, отбасында да буллингтің барлық сұмдықтарын бастан кешірген жасөспірімнің өмірі не болмақ? Тағдыр тауқыметін тартқан Әмір өз-өзіне қол салмай ма, әлде қиыншылықтың соңы жақсылықпен біте ме? Бұл сұрақтың жауабын ертеңнен бастап барлық кинотеатрлардан шығатын «Подсолнух» атты туындыдан біле аласыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!