Министр қанттың бағасын реттеуге қауқарсыз
«Қаласаң да, қаламасаң да баға көтеріледі!» Қымбаттаған қанттың құнына қатысты тілшілердің сұрағына Сауда және интеграция министрінің берген жауабы осындай. Әдеттегідей әлемдегі жағдайды сылтауратқан Бақыт Сұлтанов, бағаны реттеуге қауқарсыз екенін ақыры мойындады.
Автор: Елдос Есенбол
23.06.2022
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қаласаң да, қаламасаң да баға көтеріледі. Импортқа тәуелділік бар жерде сондай болады. Қант бұл тізімге кіретін алтаудың біреуі. Қанттың бастапқы бағасы жалпы әлемде өсіп жатыр. Шекер өндіруші елдердің қорындағы тәттінің бағасы да қымбаттап жатыр. Оның үстіне біздің негізгі жеткізушіміз Ресей қант саудасына шектеу қойды. Әлемде қиындаған логистика мәселесін тағы қосыңыз.
«Өзім күнде дүкен аралаймын, қант бағасын көріп жүрмін» дейді министр. Үй жанындағы шағын дүкендердегі айтарлықтай айырмашылықтан да Сұлтанов хабардар. Оның себебін: көтерме сауда үшін шекер бар, тек шағын сауда орындарына жетпей жатыр деп түсіндірді. Қант саудасына Ресей шектеу қойғаннан кейін, Үкімет қазір Үндістан, Вьетнам, Түркия, Мысыр, Бразилия секілді елдерден шекер жеткізуге қарекет қылып жатыр екен.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қазір қорда 350 мың тонна қант бар. Біз басқа елдерден шекер сұраймыз. Әлемде Бразилия, Үндістан және Вьетнам бұл тауар түрін үлкен көлемде жеткізушілердің қатарында. Бірақ Үндістан да қант саудасын шектеді, сондықтан келіссөздер жүргіземіз. Біз бүгінде қабылданған 350 мың тоннадан басқа тағы 100 мың тонна сұрадық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!