Тығыз құрылыс тұрғындарды шаршатты
Құмырсқаның илеуіндей үйлерді қабаттастырып салуды тоқтату керек! Алматы орталығында бір-біріне тым жақын көпқабатты ғимараттардың көптеп бой көтеруінен бұқара әбден зәрезап болған. Қала әкімі Ерболат Досаевпен кездескен тұрғындар ұзақ жылдан бері жыр болған тығыз құрылыс мәселесін шешіп беруді өтінді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
23.06.2022
Гаухар Зәкірова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жанымызда екі бірдей тұрғын үй кешені бар. Жүріптұруымыз қиын. Үйімізге көлікпен кіру тіптен қиындады. Тұрғындар жол бойына көліктерді қойып тастайды. Біздің аумаққа өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметі келе алмайды. Себебі, жол жоқ. Ауа ластанып жатыр. Күннің көзі түспейді.
Шаһар басшысы Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында жақында салынған тұрғын үй кешендерін сүріп тастауға құзыретім жетпейді деп ашық айтты. Өйткені өзінен бұрын жұмыс істеген әкімдер әлдеқашан құрылыс компанияларына рұқсат беріп қойған. Алайда Ерболат Досаев бұқараның бас ауруына айналған бұл түйіткілдің түйінін тарқатуға барымды саламын деп сендірді. Ол бұдан былай қаланың орталығында бес қабаттан асатын үй тұрғызу үшін комиссия халықтың тығыздығын ескеретіндігін жеткізді. Үйдің орнына жұрт серуендейтін саябақ, балалар ойнайтын спорт алаңдарын салу жоспарланған екен. Әкім халықтың аз, бос жатқан жер телімдері көп шеткі аудандарда тұрғын үй кешендерін керісінше көбейтеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!