Бензин мен дизелдің шекті құны белгіленді
Кей өңірлерде бензин мен дизель бағасы қымбаттайды. Бастапқыда АИ-92-ні бірден 54 теңгеге көтергілері келген Энергетика министрлігі ол ойларынан айныған. Ал жанармайдың шекті құнын белгілеу туралы бұйрық жобасы қоғамдық талқыға ұсынылды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
24.06.2022
Қазір еліміз бойынша АИ-92 мен 93-тің бағасы литріне 182 теңгеден сатылып жатыр. Бұған қоса, қаңтар қақтығысынан кейін Елімізде жарияланған мораторий бірінші шілдеге дейін өз күшінде. Егер Энергетика министрлігінің бұйрығы алдағы уақытта жүзеге асса, сәйкесінше, баға өзгеретіні сөзсіз. Халық көп тұтынатын жанармай бағасының өскенін Қостанайлықтар мен Солтүстік Қазақстандықтар бірінші болып байқайды.
Ол жақта шекті баға литріне 187 теңге болмақ. Қалған аймақтарда сондай-ақ, жаңа облыстарда бензин мен дизель құны бұрынғысынша қалады. Министрліктің мұндай айырмашылыққа қатысты жауабы дайын. Айтуларынша, зауыттардан солтүстік өңірге өнім тасу едәуір қымбаттырақ.
Негізі, мұнай нарығында жағдай қазір мүлдем өзгеше екен. Энергетика министрлігінің есебінше, АИ-92 бағасы 182 теңге емес, 236 теңге болуы тиіс. Ал дизель литріне 420 теңгеден сатылуы қажет. Дегенмен, шенеуніктер жанармайды қымбаттатпауды ұйғарған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!