Алматыда кафе отқа оранды
Алматыда дәмхананың шатырынан тұтанған от демде алапат өртке ұласты. Қызыл жалынның күшті болғаны соншалық, "Терасса" кафесіне жапсарлас орналасқан тұрғын үйлерге де қауіп төндірген. Төтеншеліктер отқа оранған нысаннан әрқайсысы 50 литрлік 9 газ баллоны және 1 оттегі баллонын сыртқа шығарып, жарылыстың алдын алды.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
27.06.2022
- Алатау ауданы. Терасса өртеніп жатыр..
Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында будақтаған қара түтін бірнеше шақырымнан көрініп, тұрғындардың үрейін ұшырды. Өрт азаңғы 8 жарым шамасында дәмхананың шатырынан тұтанып, екінші қабатқа түскен. Ғимарат негізінен ағаштан салынғасын, тілсіз жау жан-жаққа лезде тараған. Нысанның жалпы аумағы мың елу шаршы метр болса, оның 400-і төтеншеліктер келгенше күлге айналыпты. Алапат өртпен 23 техника мен 50 ден астам адам алысып жатып, 1 сағатта толықтай сөндірген. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Өйткені ішінде бір тірі жан болмаған. Дәмхананың жұмыс уақыты азаңғы сағат 11 ден басталады. Енді, төтеншеліктер өрттің бұлай демде өршіп кетуі 101 нөміріне хабардың кеш түсуінен деп отыр.
Гүлдана Нұрметова, Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметінің ресми өкілі:
- Біздің өрт сөндірушілер 3минут уақытында келсе де, 400 шаршы метрді шарпыған. Соған қарағанда кешкі хабарлама өрттің таралуына себеп болды деген нұсқасы қарастырылып отыр.Бір сағатқа жетпей оқшауланып, 1 сағат көлемінде толығымен жойылды. Өйткені, жанғыш материалдармен толық құрылған. Ішінде ағаш, пластмасса құрылғылары көп болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!