Жүк жоғалып жатыр
Логистикалық компаниялар алаяқтардың құрбанына айналып жатыр. Әккі айлакерлер еліміз бойынша бірнеше фирманы тақырға отырғызған. Соның кесірінен тасымалдауды ұйымдастыратын серіктестіктер қыруар шығынға баттық дейді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.06.2022
Оксана Сагдыева, Логистикалық компания қызметкері:
- Біз тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерді арнайы сайттан тапқан едік. Барлық құжаттарын онлайн тексердік, бәрі дұрыс болған. Сөйтіп тауарды Алматыдан тиеп, Ақтауға жолға шықтық деп мәлімет берді. Оның әр қадамын бақылап отырдық. Бірақ Қызылордаға келгенде таппай қалдық. Байланыс үзілді, содан бері жоқ.
Жамбыл облысы Меркі ауданындағы логистикалық фирма құны 4 жарым миллион теңге болатын өндірістік генераторды жеткізіп беруі тиіс еді. Алайда, тауардан айырылып, енді тапсырыс беруші алдында қарыздар болып қалды. Алматылық серіктестік те құны 4 миллион теңгеден асатын косметикалық заттарын жоғалтып отыр. Белгілі болғаны, екі фирманы да бір адам тақырға отырғызған. Олар сол азаматтың байланыс телефонын тауып, тілдесіп көрген. Бірақ ол өзінің бұл іске қатысы жоғын, әлде біреулер оның құжатын пайдаланып кеткенін айтып ақталған. Екі дерек бойынша да тәртіп сақшыларына арыз түскен. Бірақ әзірге нәтиже болмай жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Қазіргі уақытта жүк көлігінің жүргізушісін анықтау жұмыстары жүруде. Шағымданушының сөзінше, күдікті тауарды Өскеменге жеткізіп беруі тиіс болған. Енді сол азаматтың әрекетіне құқықтық баға беріліп, содан ары қарай тиісті шаралар қабылданатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!