Алдағы үш күнде аптап ыстық болады
Аңқаны кептірген аптап ыстық басталады. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, алдағы үш күнде Түркістан, Жетісу, Жамбыл және Алматы облыстарында ауа температурасы 45 градусқа дейін бір-ақ көтерілмек. Мұны мамандар Ираннан келетін жылы және құрғақ ауа массаларының әсерімен байланыстырады. Маусымның соңғы күндері Алматыда сынап бағанасы 38 градусты көрсетіп тұрса, Шымкент пен Атырауда 40-тан түспей тұр. Ми қайнатар ыстықтың салдарынан сырқаттары асқынғандар көбейіп, жедел жәрдемге жүгінетіндердің саны артқан. Есесіне, балмұздақ пен салқын сусын сататындардың саудасы да күн райымен қоса қыза түсті.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
28.06.2022
Жаздың алғашқы айының аяқталуына да шақ қалды. Алдымызда шілденің шіліңгір ыстығы күтіп тұр. Қазірдің өзінде Алматының төбесінінен шақырайған күннің температурасы түсте 38 градусқа дейін жетті. Тұрғындардың басым бөлігі бойын салқындату үшін шаһардағы субұрқақтардан жанына сая іздеп жүр.
Ләззат Мегенова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Балаларды осындай субұрқақтарға алып келеміз. Судың жанына. Кішкене салқын жерлдерге деген сияқты. Ауырып қалатын күндерім болады. Мен өзім зобпен ауырамын. Ауа жетпейтін. Сондай кезде, үйде салқындатқыштың астында отырамын.
Аптап ыстықта салқындау үшін тұрғындар субұрқақтың жанында шоғырланудан бөлек, адамдар балмұздақты да жиі сатып алады. Енді мына құйылмалы балмұздақ сататын дүңгіршектің сатушысынан сұрап көрейікші. Осы соңғы екі аптада қаншалықты сатылым өсті?
Қарашаш Бейсенбаева, Сатушы:
-Сәлеметсіз бе! Соңғы екі аптада сатылым екі есеге дейін өсті. Осы ыстықтың салдарынан адамдар бойын салқындату үшін, отбасымен Арбатқа қыдырып келген қала тұрғындары әрдайым балмұздақты сатып алады. Сатылым екі есеге өсті деп нақты айта аламыз.
-Ал, көбіне қандай уақыттарда келеді? Кешкі ма, Түскі ма?
-Түскі уақыттарда, қатты аптап ыстықтарда. Содан соң, Арбатта енді кешкі уақытта адамдар көп жүреді. Сондықтан сатылым кешкі уақыттарда біраз өседі.
Күн ысығалы дәрігердің көмегіне жүгінетіндер саны күн санап артып барады. Көбіне жазда пісетін жеміс-жидектерді жумай жеп, ішек инфекциясына шалдыққандар мен шаңқай түсте басынан күн өтіп кеткендер екен.
Аяна Қырықбаева, Алматы қалалық №18 емхананың дәрігері:
- 1-2 аптаның ішінде қазір күннің ыстық болуына байланысты үкендер де, балалар да күн сәулесінің өтіп кетуі мен шағымданып келеді. Және де көбінесе ішек инфекциялары жиі кездесуде. Қазіргі ыстық ауа-райында балалар шомылуға барады ата-аналарымен бірге. Сол кезде балалардың терісінің беткей қабаты күн сәулесі тікелей түскендіктен одан күйік алады. Ол кезде балада қызу көтеріледі. Бала әлсізденеді, сусызданады.
Ал, Шымкенттің тұрғындары аптап ыстықтан жанын қоярға жер таба алмай әлек. Жұрт субұрқақтар мен көлеңкеге шоғырланады. Үшінші мегаполисте ауа-райы екінші апта 40 градустан түспей тұр. Синоптиктер аптап ыстықтың алдағы апталарда да сақталатынын ескертеді. Ауа температурасы аса жоғары болғандықтан жедел жәрдемнің де жұмысы күрт көбейді. Әдетте 1700-1800-ден аспайтын шақырылым қазір екі мыңнан асып кетті дейді мамандар.
Райгүл Есеналиева, Шымкент қалалық жедел-жәрдем стансасының меңгерушісі:
- Себебі күн ыстық. Күннің ыстығына байланысты балаларда ЖРВИ мен ішек инфекциялары көп болып жатыр. Себебі, күннің ыстығында мұздай суларды көп ішеді, балмұздақ көп жейді, салқындатқыштың астында көп отырады және де тағамдардың тез бұзылуы ішек инфекциясына алып келеді. Сондай бұзылған тамақтарды қолданып қоятын болса.
Ақтауда да аптап ыстықтан адамдар қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдемді жиі шақыруда. Маусым айы басталғалы 1000-аса тұрғынның қан қысымы көтеріліп, үйіне дәрігер шақыртқан. Соңғы бір аптадан термометр 40 градустан түспей тұр. Ыстықтан қашып тұрғындар теңіз жағалап жүр. Бірақ жүзе алмайтындары суға тұншығып, жедел жәрдемді шақыруды жиілеткен.
Алтынай Молдабекова, Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының дәрігері:
- Маусым басынан бастап, 1093 жағдай артериальный гипертензиямен түскен. Шақыртулар болған. Жыл сайын осындай болады. Жаз басталғалы теңізде болатын шақыртулар көбейіп кеткен. Қазір өздеріңіз білесіздер суға түсу майсымы. Қазір көп демалушылар. Сырттан келіп жатыр. Қазір сондай суға бататын көп. Маусым басынан бастап 9 жағдай болған.
Оңтүстік пен Батыс аптап ыстық пен қуаңшылықтан аңқасы кеуіп отырса, еліміздің Солтүстік -Батыс және Шығысында ауа райы құбылмалы болмақ. Мамандар бұл өңірлерде күн күркіреп, жаңбыр жауады деп болжап отыр.
Ардақ Қалменова, "Қазгидромет"РМК Ауа райының қысқа мерзімді болжамдар басқармасының бастығы:
- Қазақстанның Солтүстік, Батыс және Шығыс өңірлеріне ауысатын Солтүстік Батыс циклонымен осы аймақтарда найзағай мен жаңбыр. 29-шы маусымда Солтүстік өңірлерде, 30-шы маусымда Шығыста қатты жаңбыр күтіледі. Сондай-ақ, бұршақ, желдің күшейюі және ауа температурасынан біртіндеп төмендеуі болжанады. Тек, еліміздің Батыс облыстары Скандинавия аймағынан жылжитын антициклонмен жауыншашынсыз ауа-райы күтіледі.
Қазгидрометтің болжамы дәл келсе, шілде айының бірінші онкүндігінде Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарының бірқатар аудандарында құрғақ ауа райы күтілуде. Ал, Түркістан, Жетісу және Жамбыл облыстарында ең ыстық күндер ертең болса, Алматы облысында 30-шы маусымға келмек. Далалы жерде өрт шығу қауіпі артады. Дәрігерлер осындай аптап ыстықта түскі 12 мен кешкі 5 ке дейінгі уақытта үйден шықпаған абзал деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!