{metadescription}
«Алтын орда» маңындағы жолдың сапасы сын көтермейді
«Алтын орда» маңындағы жолдың сапасы сын көтермейді

«Алтын орда» маңындағы жолдың сапасы сын көтермейді

Жаңа асфальттың жұлым-жұлымы шыққан! Құрылысы бес жылға созылып, алты ай бұрын ғана ашылған «Алтын орда» базарының маңындағы көпірдің жолы толық аяқталмай бүлініп жатыр. Сапасы сын көтермейтін асфальтты видеоға түсірген жүргізушілер мердігер компанияның жауапсыздығына наразы. Халықтың шағымынан кейін «Қазавтожол» өкілдері эстакадаға алып-ұшып жетіп, жөндеу жұмыстарына кірісті. Байбалам салуға негіз жоқ деген олар ауқымды жоба қыркүйек айында толық аяқталатынын жеткізді.

«Алтын орда» базарының маңындағы жолайырық алты ай бұрын пайдалануға берілген еді. Алайда жаңа жолдың сапасы жарты жылға жетпей сынға ілікті. Көпірдің үстіндегі асфальттың жұлым-жұлымы шыққан. Кедір-бұдыр жолдан жүйкесі жұқарған жүргізушілер эстакада толық аяқталмай, тым асығыс ашылған деп ашынады.

Көптен күткен жолдың сиқы осы деп шағымданған тұрғындардың видеосы әлеуметтік желіге тарап кетті.

- «Алтын орданың» көпірі. Міне, қараңыздар. Мынандай болып жатыр.

Құрылысы бақандай бес жылға созылып, 10 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген айналма жолдың тез тозуы жүргізушілердің ашуын туғызды.

Ғалымжан Қойшыбаев:

- Қаншама машина осы жолда жүреді. Дөңгелек құриды. Бөлшектер құриды. Дөңгелек жарылып жатыр. Көлік содан құриды. Жолдың сапасы дұрыс емес. Көпір ашылады деп ашты. Одан пайда жоқ. Жолы да жаман. 

Желіде желдей ескен көріністен кейін эстакадаға алып-ұшып жеткен «Қазавтожолдың» өкілдері көпірдегі тас жолдың үстіңгі қабаты әлі төселмеген деп отыр. Байбалам салуға еш негіз жоқ деген жолға жауапты ұлттық компания ауқымды жобаның жұмысы күзде толық аяқталады деп сендірді.

Нұржан Таңатаров, "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары

- Эстакаданың үстінде бір жерде ғана шұңқыр бар. Оны жасаймыз ғой. Жобаны әлі бітірген жоқпыз. 4 шақырымға тағы бір асфальт жабындысын төсеу керек. Сосын жарықтандыру. Инфрақұырылым. Жер үсті өткелдері бар. Тротуар бар. Кіріп-шығатын бұрылыстар бар. Қалған жұмыстар қыркүйекте бітеді. 

«Асыл Арман» тұрғын үй кешеніне кіріп-шығатын көпір құрылысы да қазір тоқтап тұр. Жоба бойынша Кемертоған мен Райымбек ауылдарының жанынан екі жол үсті өткелі де салыну керек. Дегенмен бұл жұмыстарды қай мердігер компания атқаратыны әзірге белгісіз. Құрылыс материалдарының қымбаттағанын алға тартқан «Қазавтожол» өкілдері жобалық-сметалық құжатты қазіргі бағамен қайта жасап жатқандарын жеткізді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде